16.06.2021, 9:47
Қараулар: 38
Бәйтеректе 44 «Алтын белгі» иегері мектепті аяқтады

Бәйтеректе 44 «Алтын белгі» иегері мектепті аяқтады

Ауданның барлық мектебінде түлектерге аттестат табыстау рәсімі өтті. Ақыл, қайрат пен білімді зерделеріне тоқып, білім нәрімен сусындатқан алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге тағы бір жас толқын қанат қақты.

Биыл ауданда мектепті 470 түлек аяқтап жатыр. Олардың 44-і «Алтын белгі», 21 «Үздік аттестат» иегері.

Аудан әкімі Марат Тоқжанов Абай атындағы мектем гимназия интернаты түлектерінің қуанышымен бөлісті.

Биыл Дарияндағы аталмыш білім ордасын 33 түлек аяқтаса, олардың жетеуі «Алтын белгі», үшеуі «Үздік аттестат» иегері атанды.

— Бүгін сіздер үлкен өмірдің алғашқы баспалдағын аттап, келесі сатыларына қадам басқалы тұрсыздар. Жоғары білім алып, Отанымыздың білікті маманы, еліміздің дамуына, ауданымыздың өркендеуіне үлес қосады деп сенемін. Қай кезде де білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңа тілектеспін, — деді аудан әкімі түлектерге арналған құттықтауында. Кейін Марат Лұқпанұлы Нұржігіт Айтмағамбетов, Айнэль Асанова, Милана Асанова, Ернияз Ерсайынұлы, Назира Есенберлиева, Алия Исетова мен Мерей Хабиболла кеудесіне «Алтын белгі, Анель Мансурова, Нұрқанат Трайсов, Шашты Шаймардановаға «Үздік аттестат» және басқа түлектерге аттестат табыстап, ата-аналарына алғыс білдірді.

Осыдан 22 жыл бұрын алғаш ашылған қазақ мектебі күні бүгінге дейін үш жүзден астам оқушыны үлкен өмірге аттандырды. Бүгінде Дариян қазақ мектебіне Абай һәкім аты беріліп, оқушылар жаңа ғимаратта білім алуда. Салтанатты шара барысында өткен оқу жылы қиын болғанын атап өткен мектеп директоры Шолпан Өмірзаққызы түлектерге жүрекжарды лебізін білдіріп, сәт сапар тіледі. Сондай-ақ түрлі спорттық жарыстар мен білім додаларында және ғылыми жоба байқауларында үздік атанған түлектерге алғыс хат табыстады.

Салатанатты шарада түлектердің ата-аналары атынан Ақмарал Асанова сөз сөйлеп, ұстаздар қауымына ризашылығын білдірді.

Жиын соңында мектеп бітірушілер өз тілектерін білдіріп, ұстаздарына алғыстарын жеткізді.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы