7.06.2021, 11:26
Қараулар: 11
Жазғы мектеп несімен қызық

Жазғы мектеп несімен қызық

Жылдағыдан өзгерек болған оқу жылы да аяқталды. Әдетте бұндай уақытта жазғы лагерьлер жұмысын бастап, балақайлар демалысқа аттанатын. Бірақ биыл емес. Өйткені білім және ғылым министрінің 5 мамырдағы №203 бұйрығына сәйкес оқушылардың ата-аналары мен заңды өкілдерінің өтініші негізінде барлық ниет білдірген білім алушылар жазғы мектепте оқитын болды.

Оқушылардың шектеу шаралары кезінде жіберген білім олқылықтарын толықтыру мақсатында қолға алынған шешім жемісін беріп жатыр ма? Екінші аптаға кеткен жазғы мектептегі сабақтар қалай өтіп жатыр? Жазғы мектепке келген балалардың сабаққа қатысуы қалай? Ерекше форматта ұйымдастырылған білім берудің қандай айырмашылықтары бар екенін білмек болып аудандық білім бөліміне жолықтық.

Бізді қарсы алған білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлжан Хамитқызының сөзінше, аудандағы 46мектептің 44-інде жазғы мектеп ұйымдастырылған. Онда 1-10 сыныпта оқитын 3466 оқушы білім алып жатыр екен.Бүгінде жазғы мектепте оқып жатқан балалардың тасымалы реттелген. Мектеп автокөліктері жүріп тұр. Бір сөзбен айтқанда, ешқандай мәселе жоқ. Сабақтар түрлі форматта өтуде. Баға қойылмайтынын және үй тапсырмасы берілмейтінін де көпшілік біледі.

-Жазғы мектеп басталғалы бірнеше мектепті арлалап, жаңа бастаманың қалай жүзеге асып жатқандығымен таныстым. Сапар барысында ұстаздар және мектеп директорларымен тілдесіп, біраз бала жазғы мектепке баруға құлшынып жүргенін білдім. Әсіресе, бастауыш сынып оқушылары сұранып жүргенін білдім. Ал оқу жылын онлайнда өткізген орта буын оқушылары толықтай мектепте жүр,-дейді Гүлжан Хамитқызы.

Жазғы мектеп қызықтарын көрмек болып ауданныңбілім ордаларына да бас сұқтық. Расымен де жазғы мектеп жұмысы жақсы деңгейде ұйымдастырылыпты. Достық мектебінің ұстаздары оқушылар жалықпас үшін сабақ арасында спорттық сайыстар мен еңбекке баулуды бір ізге қойған болса, Бауыржан Момышұлы атын иеленген Щапов ауылындағы білім ордасындағы сабақтар ашық аспан астында ұйымдастырылады екен. Ал Ілияс Есенберлин атындағы мектепте сабақтар барлық санитарлық талаптардың қатаң сақталуымен өткізіледі. Ұстаздар сабақ барысын әлеуметтік желілерге салып, жарықтандырып отыруды да ұмытпайды. Ал Талғат Бигелдинов атындағы мектепте оқушылар үстел теннисін ойнап, сергіту уақытын тиімді

пайдалануда. Қасым Қайсенов атындағы мектеп оқушылары кітап оқуға құмар екен. Ұстаздар қауымы сабақтарын мектеп кітапханашысымен бірігіп өткізуде. Түрлі көрнекіліктер мен сабақаралық байланысты да мұғалімдер жақсы жолға қоя білген. Мичурин мектебінде оқушылар ән айтып, кітапханада білімдерін толықтыруда. Бастауыш сыныптағылар асфальтқа суреттер салып, сергуді де ұмытпайды. Қасым Ахмиров атындағы білім ордасының психологі жазғы мектеп жоспарын құрып, оқушылардың уақытын тиімді де пайдалы өткізуге атсалысқан.

Жалпы жазғы мектеп оқушыларға бос уақытын тиімді өткізуге таптырмас мүмкіндік. Барлық жерлерде лагерьлер жабылып жатқан шақта ұстаздар оқушыларға деген қолдауын аяп жатқан жоқ.

Аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлжан Хамитқызы осы күні жазғы мектепке келсем деген балалар санының артқанын айтады. Сөзінше, 26 мамыр күні білім толықтыруға ниет білдірген оқушылар саны 3444 болған болса, қазір олар 3466-ға жеткен.

-Бала санының өскені жазғы мектептің тиімділігін көрсетеді. Кейбір ата-аналар хаарласып, баласын жазғы мектепке алу туралы өтініш жасағандарын да біліп отырмыз. Соңғы аптада мектептерді айналып, жаңа бастаманың қорытындысын шығаратын боламыз,-дейді Г.Хамитқызы.

Білім бөлімінің маманы жазғы мектеп оқушылардың ғана емес, мұғалімдердің де тәжірибесін толықтырып, түрлі әдіс-тәсілдерді меңгеруге де үлкен мүмкіндік болғанын жеткізді. Сөзінше, әр сабақты тек тар кабинетте емес, түрлі локацияда өткізіп, басқа да қызықты тәсілдерді пайдаланғандықтан оқушылардың да қызығушылығы артыпты.

Осы ретте түрлі тәжірибелерін жүзеге асыруға мүмкіндік алған ұстаздар келер оқу жылында жазғы мектеп тәжірибесін пайдалана алады. Білім министрлігінің жаңа жобасы осынысымен де пайдалы болып отырғандай.

Аружан Аманжол,

Түгелбай Бисен

Марина Владимировна,

Переметный орта мектебі директорының

тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі

Жазғы мектептегі сабақтар арнайы оқу жоспарымен жүзеге асуда. Мектеп ұстаздары оқушылармен жоспардан тыс тәрбие жұмыстарын да жүргізіп отырады. Балалардың білім толықтыруына ғана емес, сонымен қатар демалуы үшін күнделікті іс-шаралар ұйымдастырамыз. Әр мұғалім балалармен жаттығулар жасап, орталықтандырылған кітапхана жүйесімен тығыз байланыс орнатты. Ұстаздар табиғат аясында да сабақ жүргізеді. Оқушыларға осындай сабақтар ұнайтынын байқадық. Сондай-ақ ойын-сауық форматында өткізілген дәрістер қызық екеніне көз жеткіздік. Жазғы мектепте негізінен карантин режиміне байланысты қашықтан оқуға мәжбүр болған оқушылар білім алуда. Оған сабақ оқуға ниет білдірген кезкелген оқушы қатыса алады. Сабақ процесі барысында балаларды формативті түрде бағалап отырамыз. Алдағы уақытта аталмыш форматтағы оқу жүйесіде өз жемісін беретініне сенемін.

Жанна Асанғалиева,

ата-ана.

Оқу жылының соңында ата-аналар жиналысында жазғы мектеп ұйымдастырылатынын естідім. Мектеп ұстаздарымен ақылдаса келіп, қызым Ақжарқынның кейбір пәндерден білімін толықтыру мақсатында өтініш білдіріп, оқушылар қатарына жаздырдым. Қазір қызым 4 пән бойынша білім алуда. Жазғы мектепте білім алудың артықшылығы айқын байқалады. Балам тек өзіне қажетті пәндерге ғана емес, тәрбиелік мәні бар шараларға да қатысып жүр. Бұл оқушының рухани дамуы мен ой-өрісінің кеңеуіне септігін тигізетініне сенімдімін. Алдағы уақытта қызым осы білімін әрі қарай толықтырып, жақсы нәтиже көрсетеді деген ойдамын

Эльянора Каденова,

Қадір Мырза-Әли атындағы орта мектептің

8-сынып оқушысы

Елде орын алған пандемияға байланысты бір жыл онлайн форматта оқыдық. Оқу жылының басы қиынға соққанын жасырмаймын. Жаңа пәндер қосылғандықтан кей сабақ тақырыптарын түсіну қиын болды.

Жазғы мектепте білім толықтыратын мүмкіндік туғанын естігенімде онлайн сабақта ұға алмаған тақырыптарымды толықтыруға ниет білдірдім. Оқу процесінде барлық санитарлық талаптарды қатаң ұстанамыз. Ұстаздар күнделікті сергіту уақыттарынұйымдастырып, түрлі қызықты шараларға қатысуға шақырады. Оқушы үшін жазғы мектеп қызық деген ойдамын.

Білектің заманында ешкімге дес бермедік, білімнің заманында да ешкімге есе жібермес үшін әрдайым білім толықтырып отыруымыз қажет. Өйткені Қазақ елінің болашағы – біздерміз.