13.07.2021, 9:06
Қараулар: 12
Еуро несімен қымбат

Еуро несімен қымбат

Енді екі күннен соң футболдан Еуропа чемпионаты аяқталады. Жанкүйерге ұмытылмас эмоция сыйлаған миллиондар ойыны осы кезге дейін несімен есте қалды? Ең бастысы – рекордтар. Жасы 36-ға келген португалдық Роналдудың адам сенгісіз рекордттарға қол жеткізіп, ұлттық құрамада соққан голдары санынан ирандық Әли Диаидің көрсеткішін қайталағаны да жанкүйерді бей-жай қалдырмады. Тіпті Әли Диаидің өзінің көрсеткішін КриРО қайталағаны ол үшін мақтаныш екенін айтып, Роналдуға сәттілік тіледі. Ол аз десеңіз, Португалияның бағына туған жігіт Еуро додаларында ең көп гол соққан ойыншылар тізімінде көш бастады. Автоголдардан рекорд орнатқан аладоп аламаны жанкүйерлер талқылар тағы бір тақырыптың бетін ашты.

Бұдан бөлек, 2021 жылы өткен Еуро-2020 турнирі несімен есте қалды? Соны бір шолып шықсақ. Ең алғашқысы – қазақ жанкүйерлері тілеуін тілеген Түркия футболшыларының аянышты күйі. Шыны керек, топ командаларда доп тебетін жігіттерді құрамына қосқан түрік ағайындар жоқ дегенде 2008 жылғы ерліктерін қайталайды деген үміт болған. Бірақ олардың жорығы тым ерте аяқталды. Бір де бір ұпай ала алмаған янычарлар өз қақпасына жеті гол жіберді.Сондай-ақ әлемнің үздік жас ойыншысын қатарына қосқан Франция құрамасы да өз деңгейіндегі ойынын көрсете алмағаны қынжылтады. Әсіресе Киллиан Мбаппенің шарасыздығы оған деген сенімді жойды. Оның қасында бес жыл құрамаға шақыртылмаған Кәрім Бензема тәуір өнер көрсетті. Бұдан бөлек, Хорватия мен Швейцарияның кэмбегі де көп талқыланды. Бұған дейінгі турнирлерде негізгі уақыттың 80 минутынан кейін екі доп айырмасымен жеңіліп жатқан команда еш уақытта есепті теңестірмеген деп хорваттар мен банктер елінің ойыншыларына көпшілік таңдай қақты. Ал жанкешті Дания мен Украина ше? Олар да барын салды. Соңғы күндері украиндық Александр Зинчинко мен Андрей Ярмоленконың мәрттігі де біраз елді сүйсіндірді. Алғашқысы Еуро үшін берілген сыйақысын күйік шалған және туғалы бет тыртығы бар балалардың жүзін қалыпқа келтіретін пластикалық хирургті еліне алып келуге жұмсаса, Ярмоленко бар тапқан қаражатын қайырымдылыққа жіберді. Бұл – футболдың жай ғана ойын емес, үлкен құбылысқа айналғандығын көрсеткендей. Ал Криштиану Роналдудың кока коламен болған теке тіресі ше? Ол да біраз талқы болған оқиға.

Десе де, аяқталу келген доп додасының нүктесі әлі қойылмады. Жексенбі күні финалдық ойын. Оған әлемдік додаларға үлкен үмітпен келіп,

үйіне ерте қайтатын Англия мен фавориттер ішіндегі ең әлсізі саналған Италия шықты. Командаларға сәттілік.

Шымылдығы жабылатын Еуро жанкүйерге тағы қандай тосын сый жасады? Тарихы өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан басталатын кәрі құрлық чемпионаты футболсүйер ағайынға қандай эмоция сыйлады? Ерте кездегі ойындар қалай болған еді? Соны осы жазбамызда бір шолып шықсақ.

Еуро елеусіз турнир еді.

Қазіргі жанкүйер үшін Еуро – ұмытылмас турнир. Әлемдік футбол жұлдыздарын бір жерге шоғырландыратын жарыс. Ал алғаш кезінде топ командалар бұл турнирді елемейтін. КСРО жеңіп алған алғашқы турнирге қатысудан 13 еуропалық команда бас тартты. Себебі жарыс олар үшін қызық емес болды.

Пенальти немесе тарихи соққы

ХХІ ғасырда болған Еуро турнирлеріне қатысқан Италия құрамасы жоқ дегенде бір рет матч соңындағы пенальти сериясына қатысқан, бірінде жеңсе, енді бірінде опық жеді. Осы ретте ойға 2000 жылғы еуро түседі. Ойынның біраз бөлігін 10 ойыншымен өткізген италияндықтар Голландия құрамасының толассыз шабуылына тойтарыс бере алды. Ол матчта голландиялықтар 5 пенальти соға алмағаны да ұмытыла қоймады. Оның екеуін негізгі уақытта тепті. Ал футбол лотереясында жарақат алған Буффонды алмастырған Франческо Тольдоның жұлдызы жанды. 2004 жылы Англияға қарсы ойын өткізген Португалия құрамасының қақпашысы шешуші соққы алдында қолғабын лақтырып тастап, жалаң қолмен Дариус Вапсселдің соққысын қайтарып, артынша өз мүмкіндігінде мүлт жібермей, Португалияны келесі кезеңге шығарды.

Осы күні пенальти тебудің биік шыңы – орындаушының мықтылығы мен шеберлігін көрсететін Паненка соққысы да алғаш рет еурода орындалғанын біреу білсе, біреу білмес. 1976 жылы чехословакиялық ойыншы Антонио Паненка неміс құрамасына қарсы өткен финалдық кезеңдегі шешуші пенальтиді адам миына кіріп шықпайтын соққымен орындап, командасына жеңіс сыйлаған-ды. Содан бері бұл соққы атауы Антонионың тегімен аталады. Жаңа заманда Пирло, Тотти, Рамос сияқты шеберлер Паненкамен гол соқты. Осы күні көзіміз үйренсе де, Паненка орындаушылар жанкүйерді әлі де таң қалдырады.

Ессіз түріктер

Биылғы Еурода сәтсіздікке ұшыраған Түркия командасы 2008 жылғы ұжымнан сабақ алғаны дұрыс болатын секілді. Өйткені сол жарыста өткізгенбес матчта түрік бауырлар кэмбек жасады. Алдымен Португалияға есе жібергенімен, кейін Швейцарияға жолыққан түріктер ұзақ уақыт бойы 1-0 есебімен жеңіліп жатты. Бірақ дегендеріне жетіп, 76 және 87 минуттарда гол соқты. Ал чехтармен өткен ойынның 65-ші минутына дейін 2-0 есебімен жеңіліп жатқан янычарлардың соңғы 15 минуттағы ерлігі әлі күнге дейін аңыз. Осылайша 1/4 финалға жолдама иеленген Түркия құрамасының қақпасына хорваттар гол соғып кетті. Бірақ мінез көрсете алған бауырлас ел ойыншылары матч уақыты түгесер шақта есепті теңестіріп, пенальти сериясында жеңісті жұлып алды. Жартылай финалда оларды Германия құрамасы күтіп тұрды. Ол кезде команданың жартысы жарақат алып, жартысы сары не қызыл қағаз алғаны үшін ойынға қатыса алмайтын еді. Команданың бас бапкері Фатих Терим ойыншы жетіспеуі себебінен үшінші қақпашыны шабуыл өтіне қоюға мәжбүр екенін де айтқан болатын. Бірақ, ондай жағдай болмады. Негізгі құрамның жартысын алаңға шығара алмаса да, Түркия Германияға қарсы әдемі ойын көрсете алды. Тек 90-шы минутта Филипп Лам неміс командасына жеңіс сыйлады. Барлығы сол жылы Ресей құрамасының қоласын нағыз жетістік санайды. Бірақ Түркия жігіттерінің ерлігін ұмытып жатады. Өкінішті.

Келісілген матчтар

Біраз футбол жанкүйері үлкен турнирлердегі келісілген матчтар туралы айтқанда 1982 жылғы Австрия мен ФРГ арасындағы ойынды еске алады. Осылай Алжирді жарыстан шығарған немістер мен австриялықтардың ойыны әлем чемпионаты мен басқа да турнирлердің соңғы ойынын бір уақытта өткізу туралы ережені шығарды. Бірақ бұл ереже де кей сәттерде көмектеспейтін секілді. Өйткені 2004 жылы Скандинавияның қос құрамасы қажетті есепке ойнап, Италияны жарыс жолынан шығарып жіберген болатын. Естеріңізге сала кетсек…

Бұл жерде белгілі бір командаға ақша төленді деген мағынадағы келісу емес, керекті есепке ойнау туралы сөз болады. Жарысқа үздік құраммен келген италияндықтар алғашқы ойындарын сәтсіз бастады. Соңғы турда олар Болгарияны ұтуы керек болды. Ал скандинавтық қос ұжым Дания мен Швеция 1-1 ойнаса не болмаса біреуі жеңілсе, Италия келесі кезеңге өтетін еді. Бірақ олар 2-2 есебін тіркеді. Ал қарсы ойынның 94-ші минутында Италияға жеңіс сыйлаған Кассано өзін батыр сезініп, қуанышын жасыра алмағанымен, бірнеше секундтан соң шарасыздықтан жерге жата қалды.

Бұл ойынның ресми тергеуі болған емес. Бірақ швециялық оффсайт басылымы арнайы маманды жалдап, матч алдындағы дене қыздыру сәтінде Ерик Эдман мен Даниель Енсеннің әңгімесінде есеп 2-2 болатыны туралы сөз болғанын жария етті. Сондай-ақ мақалада Дания 2-1 есебімен алда тұрған сәтте шведтерге допты беріп, оларды шабуылдауға шақырғаны да жазылған. Ойын соңында Дания құрамасының қақпашысы швед ойыншысы Альбекке барып құттықтап жатқанда екіншісі «Қолымды ұстама! Біздің ісіміз ұят» деп теріс айналғаны да мақалда көрсетіліпті. Қалай болғанда да, бұл оқиға тамаша турнирге сән бермейтіні анық. Сол себепті де төрешілер скандинавиялық команда Данияны биылғы еуродааяқтан шалған болар?!

Орел немесе решка

Футбол тарихы мұндайды да көрді. 1960 жылы еуропа чемпионатын жеңіп алған, 1964 жылы финалда ойнаған және 1966 жылғы әлем біріншілігінің жартылай финалына дейін жеткен КСРО құрамасы жартылай финалда Италия командасымен кездесті. Негізгі уақытты тең аяқтаған қос ұжымның біреуі келесі кезеңге өтуі керек. Осы сәтте көмекке тиын келді. Төрешілер қос команда капитаны мен УЕФА делегатын арнайы бөлмеге шақырып алып, тиын лақтырды. Оның қай жағы түсетінін италиялықтар дәл тапты. Қазір ондай болмайтын қандай жақсы.

Үлкен сенсациялар

Еуроның әлем біріншілігінен тағы бір ерекшелігі – бұл жарыста сенсация көп болады. Тіпті 2008 жылғы Голландия мен Ресей құрамасының ойыны да үлкен сенсацияғой. Бірақ бұл жарыстағы нағыз сенсацияны Грекия мен Дания жасады. Алғашқысының ерлігі 2004 жылы Португалия алаңында орын алса, 1992 жылғы Данияның сенсациясы тіптен керемет. Бұл оқиғалардың қалай болғанын футбол тарихын зерттеушілер мен жанкүйерлер жақсы біледі. Ал білмейтін азаматтар ізденіп тауып алсын. Бұл екі оқиғаны біліп жүрген абзал.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар