5.01.2022, 9:39
Қараулар: 21
Еңбек ардагерінің құрметіне арналған турнир

Еңбек ардагерінің құрметіне арналған турнир

Бәйтерек ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері, меценат Есенгелді Мұсанұлы Киргеневтің жүлдесіне арналған волейбол турнирі өтті. «Киргенев» шаруа қожалығының қолдауымен, «Бәйтерек» спорт клубының ұйымдастырумен оздырылған әуе доп бәсекесіне аудан округтерінен келген кіл мықты волейбол ұжымдары қатысты.

-Есенгелді Мұсанұлы қашан да елдің қамын ойлап жүреді. Оның Железнов, Зеленый, Новенький сияқты ауылдардың мектептеріне көрсеткен қайырымдылығын ел еш уақытта ұмытпайды. Бар өмірін ауыл шаруашылығына арнап, адал еңбегінің арқасында елге сыйлы азамат атанған ағамыздың өмірі барлығымызға үлгі. Енді ол спортқа көңіл бөліп, ауданның талантты жастарының басын волейбол алаңында қосып отыр. Мұндай қамқорлық спорттың, соның ішінде волейболдың дамуына сүбелі үлес қосатын болады. Бабы мен бағы келіскен шын мықты жеңіске жетсін,-деді спорт додасының ашылуына арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.

Кейін Есенгелді Мұсанұлының ұлы Мақсот Киргенев сөз алып, спортшыларға сәттілік тіледі.

-Спорт – елдің мерейін асыратын өнер. Сол себепті де бірнеше жылдан бері әкеміздің құрметіне осындай жарыс ұйымдастырып келеміз. Мақсатымыз ауданның үздік спортшыларын анықтап, дені сау, салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар санын арттыру,-деді өз сөзінде Мақсот Есенгелдіұлы.

Ауданның үздік волейболшылары жиналған соң жарыс тартысқа толы болды. Жарыс ережесіне сай екі топқа бөлініп, жартылай финал жолдамасын сарапқа салған командалар жанкүйер қауымға волейбол мерекесін сыйлады. Әсіресе Мичурин мен Переметный, Көшім мен Янайкин ауылдарының командалары әдемі ойын көрсетіп, шеберліктерін таныта алды. Қорытындысында аталмыш командалар өз топтарынан үздік шығып, жүлде таласын жалғастырды.

Алғаш болып алаңға шыққан Переметный мен Көшім командалары арасындағы жартылай финалда переметныйлықтар жеңіске жетсе, Янайкин мен Мичурин командаларының ойынында Мичурин жігіттері алда болды. Осылайша үшінші орын жүлдесін Көшім мен Янайкин командалары сарапқа салды. Тартысты ойын қорытындысында янайкиндіктер жеңіске жетіп, дәстүрлі жарыстың қола жүлдесін қанжығасына басты.

Ал финалда жолыққан Мичурин мен Переметный командалары көрерменнің делебесін қоздырар ойын өрнегін көрсетті. Ұпайды үлкен еңбекпен алған ұжымдар әр сеттің соңына дейін иық тірестіріп, ұпайды кезек-кезек алып отырды. Осылайша екі сет қорытындысында жалпы ұпай теңесіп, бір де бір болды. Шешуші үшінші сетте тәжірибелері толысқан мичуриндік жігіттер кілең жас ойыншылардан құралған переметныйлықтарды шаң қаптырып, жарыс жеңімпазы атанды.

Бәсеке соңында командаларға қомақты сыйлықтар мен мақтау қағаздары және медальдар табысталды. Сондай-ақ үздік ойын көрсетіп, командасын алға сүйреген Жасұлан Валиев «Үздік байланыстырушы», Мерхат Есенғалиев «Үздік қорғаушы», Қанат Ахметқалиев «Үздік шабуылшы» атанса, Еламан Бүркітов «Үздік ойыншы» аталымына лайық деп танылды.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек аудан

zhaikpress.kz

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар