31.12.2021, 9:43
Қараулар: 24
Жомарт жүрек сыйлығы табысталды

Жомарт жүрек сыйлығы табысталды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-кұрметтеудің түрлі жолдарын табу керек. Әсіресе, «Туған жер» бағдарламасы бұл бағыттағы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады» делінген. Расында «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден»,- дейді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Қашанда ұлттық мұратты ұстанған тұлға бойындағы елдік мінез адам болмысының туған жер, өсіп-өнген өлкесіне деген азаматтық ұстанымын қалыптастырады. Осы тұста, қашанда бұқараға жасаған жақсылығын жасырып, және бір ізгілікті істің ұйытқысы болуға дайын тұратын жомарт тұлғалар бар. Міне, сондай жомарт жандарды бағдарламалық мақаладан туындаған «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында «Жомарт жүрек» номинациясымен марапаттау рәсімі республика көлемінде жүзеге асырылуда.

Осы орайда, бәйтеректік меценаттар мен бизнес-құрылым өкілдерін салтанатты түрде құрметтеу шарасы өтті. Алқалы басқосуды ашқан аудан әкімі Марат Тоқжанов шараның маңыздылығына тоқталып, жергілікті меценаттардың атұқарған ісі көпке үлгі екенін ерекше атап өтті.

— Отанға деген сүйіспеншілік алдымен туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады. Елбасы мақаласында бағдарламаны жүзеге асыруға елім деген әр азаматтың үлес қосуы керектігі айтылады. Ауданда жұмыс жасайтын ірі компаниялардан бөлек, туған жерін абаттандырып, гүлдендіруге күш салып, өзге де қайырымдылық істерге қаржылық демеу көрсетіп жүрген азаматтар көп. Қайырымдылық шараларына белсене атсалысқан жандар халықтың алғысына бөленуде. Олардың игілікті істерін халқы әрдайым мақтан етіп жүреді. Сондықтан, үнемі келелі істердің басынан табылатын атылтай жомарт жандарды марапаттау біздің борышысыз. Өйткені барын елмен бөлісіп, мұқтаждың жанын ұққан азаматтардың ісі үлгі,- деді аудан басшысы Марат Тоқжанов.

Алқалы басқосуда «Жомарт жүрек» сыйлығына лайық деп танылған 15 азаматқа арнайы естелік тұғыр мен алғыс хат табысталды. Мерейі тасыған «Жомарт жүрек» сыйлығының иегерлері қатарында ауданда әлеуметтік маңызы бар қайырымдылық жобаларды іске асырып, қайырымдылық көмек беруді жаңа тиімді түрлерін енгізген, түрлі акцияларды тиімдіжүзеге асырған, қоғамдық маңызы бар шараларға демеушілік жасаған кәсіпкерлер болды.

-Туған жерге, егеменді елге деген сүйіспеншіліктің барлығы кіндік қаның тамған атақонысқа құрметіңнен басталады. Сондықтанда «Туған жерге туыңды тік» деген аталы сөзді үнемі ұстаным етіп, ауылдың, ауданының гүлденуіне үлес қосуға қашанда дайынбыз,- дейді «Жомарт жүрек» сыйлығын иеленген кәсіпкер Бекболат Шканов.

Иә, жомарттықтың негізгі өзегі – қайырымдылық. Жоқтықтың тауқіметін тартып, бардың байлығына мұқтаж жандар қоғамда кездеседі. Мұндайда дана қазақ «кең адамның күніне бір үйі кеңиді, тар адамның күніне бір үйі кемиді» деп бірауыз сөзбен кең пейілді адамның кемімейтінін өнеге еткен. Бұл бағытта құнды құжаттар туындаған «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан «Жомарт жүрек» жобасының берері мол.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар