26.04.2021, 13:05
Қараулар: 26
Трекиннің түрленгені жақсы

Трекиннің түрленгені жақсы

Трекин ауылы — осы күні күн санап ұлғайып жатқан елді мекендердің бірі.  Облыс орталығына жақын орналасқандықтан ол жерге көшіп келушілер саны да азаятын емес. Ауылмен қатар ол жерде тұрғындарды мазалаған мәселе де өсіп жатқандай. Аудан әкімінің есептік кездесулерінде де, былайғы уақытта да трекиндік ағайын өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп жатады.

Жуырда округтің жергілікті қауымдастық мүшесі Нұрлыбек Атауоллинмен кездесіп, ауылды толғандырған мәселелер төңірегінде әңгімелестік.

1998 жылы Трекинге қоныс аударған ол содан бері елді мекеннің әлеуметтік мәселесі шешімін таппай жатқандығын айтады.

— Біздегі басты мәселе — жарық. Ел болып жел көтерілмесе екен деп тілеп отырамыз. Жай ғана желдің өзі ауылды жарықсыз қалдырады. Қазір көп адам үйін газбен жылытқанымен, су айдайтын насостар электр қуатымен жұмыс істейді ғой. Биыл қыста жарық өшіп, біраз жұрттың тұрмыстық техникалары істен шығып, жылытқыш тұрбалары жарылды. Осы жарық мәселесін көтеріп келе жатқанымызға көп болды. Шешілер күні көрінбейді, — деді Нұрлыбек.

Сондай-ақ ол ауылда мобильді байланыс жиі жоғалатынын да атап өтті. Ал Трекин іші мен ауыл айналасының тазалығы тіптен сын көтермейтінін де Нұрлыбек Атауоллин жеткізді. Айтуынша, қоқыс жинау жайы да көп жылдан бері көтеріліп келеді екен.

— Ауыл сыртында қоқыс тастайтын арнайы полигонымыз бар. Көп адам сол жерге қоқысын төгеді. Бірақ бірнеше көлік төгілген соң оған кіретін жол бітеліп қалады. Соны көрсе де, әкімдік полигонға кірер жерді уақтылы тазартпайды. Ал ішіне кіре алмаған тұрғындар қоқысты полигон сыртына төгуге мәжбүр. Кей кездері жайылған қоқыс кері ұшып, ауыл сәнін кетіреді. Осындайда ауыл тұрғындары жасаған сенбіліктерден еш нәтиже болмай жатады, — деді ауыл тұрғыны.

Нұрлыбек мырза ауыл әкімдігі қоқыс полигонын уақтылы тазартып, кіреберіс жолын аршып тұрса, бұл мәселе болмас еді деген ойда. Тіпті полигон айналасын қоршау керектігін де талай мәрте айтқанымен әкімдік қозғала қоймады,-деп налыды ол.

Осыдан бірнеше жыл бұрын «Ақбұлақ» бағдарламасымен ауылға кірген су мәселесі көпшілікті толғандыратынын да Нұрлыбек мырза айтып өтті. Сөзінше, үкіметтен ақша бөлініп, жасалған жұмыстың нәтижесі көңілден шықпайды екен. Бес жыл кепілдігі бар су құбырлары жиі үзіліп, тұрғындар тіршілік нәрінсіз қалған кездер көп болыпты.

— Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған су құбырының сапасы сын көтермейді. Қандай мекеме, қанша соммаға жасағанынан да хабарсызбыз. Жаңа су құбыры екі-үш айда бір жарылып тұрады. Ия, су беріледі. Бірақ жөнделген құбырдан аққан суды тұндырамыз деп жарты күн жүреміз. Соның кесірінен көп ағайынның кір жуғыш машинесі істен шыққанын да білеміз,-дейді ауыз судың не себепті лас екенін түсіне алмай жүрген тұрғын.

Ауыл тұрғынының базынасын айтып Трекин округінің әкімдігіне бардық. Бізді қарсы алған ауыл әкімінің міндетін атқарушы Дәулет Убаев барлық мәселемен таныс екен.

Алдымен ауыл сәнін кетірген қоқыс мәселесі туралы айтқан Дәулет Хайдарұлы бұл шаруа бірнеше күн ішінде шешілетінін жеткізді.

— Ауыл тұрғындары қоқысын екі жерге төгеді, бірі бұрынғы карьер орны болса, екіншісі — қоқыс полигоны. Қазіргі таңда карьер орнына қоқыс тастауға болмайтыны жөнінде белгілер қойылды. Ал полигон айналасы туралы айтар болсам, бүгінде тапсырыс бердім. Бірнеше күн ішінде «Асфа» ЖШС-нің шынжыртабанды тракторы келеді. Сонымен оның сыртына шыққан қоқысты сайға ысырып, кірер жолын толық аршып қоямыз, — деді ауыл әкімінің міндетін атқарушы Д.Убаев.

Ауыл әкімінің міндетін атқарушының айтуынша, ауыз су мәселесі расымен де бар екен. Су құбырларының жарылып, кейін үйлерге лас су ағуының себебін Дәулет Хайдарұлы құбырлардың қара күзде салуынан іздейді.

— Су жиі тоқтайтын ауыл бөлігінің құбырлары қара күзде салынды. Мердігер қатқан жерге құбыр салып, оны қатқан топырақпен көмді. Тұрбалардың жарылуы сол себептен деп ойлаймын. Өйткені жазғытұрым құбыр төселген ескі ауыл мен Арман шағын ауданында бұндай мәселе жоқ, — деді Дәулет Убаев.

Трекин ауылына су өткізу ісін қызылордалық фирма іске асырған. Ал тапсырыс беруші аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі. Кепілдік мерзімі өтпеген құбырларды жамап, жөндеуді аудан әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Коммунальник» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны атқарып отыр екен. Ал шығынын құбыр салған фирма өтеп жатқан көрінеді. Бұл ақпаратты бізге ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Д.Убаев берді.

Трекин ауылының тұрғыны Нұрлыбек Атауоллинмен болған әңгіме барысында ол ауыл ішіндегі су құдықтарының қақпақтары сынғандығын, кей жерлердегі құбыр бойындағы жер опырылғандығын көрсетті.

Бұл мәселені де реттемек ойда жүрген округ әкімдігі аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне хат жолдамақшы. Ал олар өз кезегінде су жүргізген мердігерді жұмысының олықылықтарын реттеуге шақырады екен.

Трекиннің базынасын айтып, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Арман Жұмабековке жолыққанымызда ол қазіргі таңда ауылды сумен қамту ісін аудан әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Коммунальник» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны өз мойнына алғандығын айтты.

Аталмыш мекемеге барып, мән-жайды жеткіздік. Біздің сауалымызға жауап берген мекеменің су шаруашылығы бөлімінің басшысы Жангелді Сапаров Трекин ауылының су құбырлары мекемеге уақытша сенімгерлік құқығымен берілгенін және қолдан келгенше ауылды сумен қамтамасыз етіп отырғандығын жеткізді.

— Негізі ауыл тұрғындары су құбырларының сапасыз екенін айтады. Оны жүргізген мердігер біраз қателік жібергендей. Былтыр келіп, олқылықтарды жойғандай болып еді. Бірақ, ол жұмыс нәтиже бермеді. Сенімгерлік құқығымен өз мойнымызға алған соң құбырлар үзіліп, су тоқтаған кездерде қызмет көрсетіп жатырмыз. Ауылдағы су құбырларын толықтай біздің мекеменің теңгеріміне беру туралы құжаттар жасақталып жатыр,-деді Жангелді Сапаров.

Бұдан бөлек округ әкімдігі көше жарықтарын орнату, Трекин мен Володар ауылдарындағы стихиялық қоқыс орнын тазарту сияқты шешімін күткен мәселелерді реттемекші екенін ауыл әкімі міндетін атқарушы атап өтті.

Округ басшылығы биылдан қалдырмай ауыл ішіндегі ескі бағаналарды ауыстырмақшы екен.

— Жалпы саны 15 бағана ауыстыралады. Ескі сымдарды да ауыстыру көзделді. Сондай-ақ қисайып, құлағалы тұрған бағаналарды да ауыстыруымыз қажет, — деді Д.Убаев.

Трекинді ғана емес, округті мазалаған мәселемен барған соң оған қарасты Новенький ауылына да ат басын тіредік. Ауылды аралап, жағдайымен таныстық. Содан, жергілікті қауымдастық мүшесі Мейірімбек Бисекеновпен кездестік. Ол да ауылдағы атқарылмаған жұмыс көп деп айтады ма екен деген ой болды. Бірақ тұрғын округ әкімдігінің жұмысы көңілінен шығатынын айтты.

— Ауылда дала өрті болса, әкімшілік қызметкерлері жүреді. Жарық өшіп қалса да сол жігіттер алып-ұшып тезірек қосуға тыраштанып жатады. Бір елде, бір ауылда тұрған соң билік ісін сынай бермей, оларға да қолдан келген көмегімізді көрсетіп, әкімдік өкілдерімен бірлесе қызмет жасаған дұрыс, — Мейірімбек Бисекенов.

Мейірімбек мырза Трекин округінің жаңа әкімі ғана емес, көмекшілері де ауылға қолдан келген көмегін көрсетуге әзір екенін атап өтті.

— Қоғамдық кеңестің кейбір мүшелері әкімді қадағалау үшін отырмыз деп ойлайтын сияқты. Бірақ кеңес болған соң оның мүшелері кемшілікті сынаумен емес, кеңеспен шешуі керек екенін түсінетін кез келді. Ел дамып, ауыл аздап болса да көркейіп жатқанын көзі қарақты адам біледі. Сондықтан кеңес мүшелері жан-жаққа тартпай, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруымыз қажет, — деді М.Бисекенов.

Қалай болғанда да, Трекинде шешімін күткен мәселелер бар. Кей тұрғындар оны санап, әкімшілік түзеуі қажет десе, кей ағайын бірлесіп шешкісі келеді. Барлығы уақыт еншісінде.

Түгелбай БИСЕН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар