12.01.2022, 10:11
Қараулар: 25
ҰБТ-2022 қалай өтеді?

ҰБТ-2022 қалай өтеді?

Мектеп қабырғасында он бірінші жыл білім алып жатқан түлектер үшін– маңызды айлар басталды. Енді жарты жылға жетер жетпес уақыттан соң олар үлкен өмірге алғаш қадам басады. Түлектер өмірінің жаңа белесінде жоғары білім алып, білікті маман болуды көздейді. Осы биікке шығу үшін бірнеше сынақтан сүрінбей өту қажет. Соның бірі – ұлттық бірыңғай тестілеу. Ал осы ҰБТ биыл қалай өтпек?

2017 жылдан бері ҰБТ оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылық, Қазақстан тарихы және абитуриент мамандығына қарай таңдалған екі бейіндік пәннен өткізіледі.Жалпы алғанда, тестіленушінің бес пәннен барлығы 140 балл жинау мүмкіндігі бар.

Деседе, бұл жүйеге 2021-де үлкен өзгеріс желі соқты. 2004 жылдан бері келе жатқан қағаз форматтағы сынақ былтырдан бастап электронды форматқа ауысты. Енді болашақ талапкерлер жауап парағын бояймын деп уақытын жоғалтпайды. Электронды форматтағы ҰБТ уақытты үнемдеумен қатар, ұяшықтарды қате бояу не боялған сияны компьютердің оқымай қалуы секілді олқылықтардың орнын толтырады.

Цифрландыру процесіне көшу білім саласын жетілдіре түседі. Бұндай формат ұлттық бірыңғай тестілеуді максималды түрде адал өткізуге негіз болды.

Он сегіз жылдан бері талапкер білімін таразыға салған бұл сынақ заман талабына қарай осал тұсы оңалтып, кемін келтіріп, қателігін қайталамауда. Үлкен өмірге қадам басқалы тұрған биылғы түлектер үшін де ҰБТ жаңалықтары жетерлік.

ҰБТ қаңтар, наурыз, тамыз айларында ақылы түрде өткізіледі. Аталмыш сынақ сертификатымен талапкер жоғарғы оқу орнының ақылы бөліміне тапсыра алады. Грант конкурсына қатысуға мүмкіндік берер негізгі ҰБТ-ны маусым айында тек бір рет өткізу жоспарлануда.

Елдегі ахуалға байланысты қаңтар ҰБТ-сына өтініштерді қабылдау бірінші айдың 21-не дейін ұзартылды.Тестілеу қаңтардың соңы мен ақпан айының жиырмасына дейін созылмақ. Айта кететін жайт, талапкерлердің былтырғыдай тест тапсыру күні мен орнын таңдау мүмкіндіктері бар.

Жаңғыра түскен сынақтың сұрақтары да жаңашалануда. Олардың мәні мен маңыздылығы қаралып, мазмұны мардымдысы саралануда. Сұрақтар саны өткен жылғыдан аспады. Тек биыл Қазақстан тарихынан берілетін он бес сұрақтың оны дәстүрлі тест түрінде қалса, бесеуі мәнмәтіндік болды.

ҚР БҒМ «Ұлттық тестілеу орталығы» директоры Руслан Емелбаевтың айтуынша, бұл арқылы түлектер тестті жай ғана жаттап қоймай, тарихқа тереңнен үңіле түседі екен.

-Қазақстан тарихы – біріншіден, барлық талапкерлердің тапсыратын міндетті пәні. Оның үстіне, сынның садағында тұрған пән. Басты сындардың бірі – жаттауға бейімделген сұрақтар өте көп. Бұл сауалдар баланың негізгі білімін өлшемейді, жаттауға бейімдейді.

Ал жаңа сұрақтарда мәтін немесе белгілі бір карта не тарихи құжаттан үлгі беріледі. Бұл жерде тарихи датаны жаттауына ешқандай қажеттілік жоқ, талапкер алдында тұрған мәтінмен жұмыс істеп үйренеді. Онымен қоса бұл жаңартылған білім беру жүйесіне негізделген, -дейді Руслан Тоқтарбекұлы.

Сонымен қатар ҰТО директоры белгілі бір қоныс не тұрақтарды жатқа білмегені баланың тарихтағы білімінің көрсеткіші емес екенін, сол үшін ежелгі Қазақстан тарихындағы палеолит тұрақтары туралы сұрақтар алынып тасталғанын тілге тиек етті. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Биылғы ҰБТ-да әр талапкерді екі камера бақылауда ұстайды. Аудиторияға кірмес бұрын, кейін тестті бастар алдында екі рет тестіленуші face id-ден өтеді.Сосын, тестіленуші қасындағы көршісіне жәрдемдеспеу үшін дыбыс жазатын микрофондар орнатылды. Бұл да нағыз керек шара екенін мамандар түсіндіруде. Өйткені былтыр маска астында көршісіне көмектесіп, жоғары балл жинап берген талапкерлер табылыпты. Осы шаралар ұлттық бірыңғай тестілеудің адал өтуіне мүмкіндік бермекші.

Аталмыш қауіпсіздік шаралары қорқуға еш себеп емес. Нағыз біліміне сеніп, шын оқыған адам ғана өзі қалаған нәтижеге қол жеткізе алады. Сол үшін де жақсылыққа жаман жолмен жетуге ұмтылмаған абзал.

Биыл тест тапсыратын түлектердің айы оңынан туды. Тестіленушілер енді қай пәннен қай кітапты оқимын деп бас ауыртпайды. Оқу жылының басында талапкерлерге ҰБТ-ға дайындалуға арналған оқулықтар тізімі ұсынылды. Бұл оқушы үшін үлкен көмек.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдан бастап оқушылардың ҰБТ-да жинаған баллы аттестатқа әсер етпейді және бұл сынаққа дайындаудан білім ордасы мен мектеп мұғалімдері босатылған болатын. Нәтижеге жету үшін түлектер дайындықты ерте бастап, түрлі курстарда немесе өз бетімен дайындалғанды жөн көреді.

Алтын белгіге үміткер Қасым Аманжолов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Жасмин Ғайса да дайындықты ертерек бастап, жүйелі түрде тоқтаусыз еңбектенсе, бұл сынақты бағындырарына сенеді. Ол дайындығын тамыз айында бастап, содан бері үзбепті. Түрлі курстарға барып, білімін шыңдауда.

-ҰБТ – менің өмірімдегі маңызды кезеңдердің бірі. Сондықтан оған жәй қарай алмаймын. Жаз бойы қалай дайындаларымды білмей жүрдім, сосын көптен қарап жүрген курсымда тіркеу ашылғанын көріп, тіркелдім. Қаңтар ҰБТ-сын тапсырамын. Негізгі таңдау пәндерім – қазақ тілі мен әдебиеті. ҰБТ туралы ақпаратты мен мектептегі және курстағы мұғалімдерімнен аламын,-дейді Жасмин.

Ал сыныптасы Айсауле Тойлыбаева ҰБТ-ға өз бетімен дайындалуды жөн санайды. Ұстаз болуды армандайтын аруымыз кітапханадан оқулықтарды алып, қарашадан бері жүйелі дайындыққа кіріскен.

Ұлттық тестілеу орталығы да түлектер үшін қолдан келген көмегін аямауда. Аталмыш орталық желтоқсанның сегізінен бастап ҰБТ-ға дайындалу үшін тікелей эфир арқылы тегін онлайн сабақтар өткізуде. Онымен қоса, негізгі ҰБТ-ға дейін нақты бекітілген тарихи даталар мен тестілеу жайлы барлық ақпарат жиналған оқу-әдістемелік құралды ұсынып, гранттар тізімі және квоталар жайлы ақпарды да маусым айынан бұрын жарияламақ.

Түлек үшін маңызды саналатын сынақ оқыған жанға қиын соқпайды. Тек керекті білімді толығымен меңгеріп алсаңыз болғаны.

Назерке Сыйлыбаева

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz