2.03.2021, 10:06
Қараулар: 63
Алғыс айту — парызым

Алғыс айту — парызым

Дариян ауылдық округіне қарасты Озерный ауылдық клубында 40 жыл педагогика саласында жемісті еңбек еткен қамыстан ерекше картина жасайтын шебер Михаил Старинецтің көрмесі өтті.

smart

Бұйымдарынан қазақ еліне деген ықыласы айқын көрініп тұратын шебердің көрмесіне жиналған қонақтар шынайы ризашылықпен тамашалап, автордың қазақ даласы мен ауылының табиғатына деген ерекше құштарлығы басым екенін аңғарды.
Михаил Федорович қолөнерді өзі ғана меңгеріп қоймай, біраз шәкірт баулыған. Бүгінде оның оқушыларының арасында ісін жалғап, өнер жолын таңдағандар да бар.
-Осыдан бірнеше жыл бұрын кіші қызым Ләйла мектеп қабырғасында жүргенде, Михаил Федоровичтің «Шебер қолдар» үйірмесіне қатысып, тәлім алды. Кейін Орал қаласында білім алып, оқуын аяқтап, қалада қалды. Бүгінде оның жеке студиясы бар. Өзінің нәпақасын адал еңбегімен тауып жүрген қызымның ұстазына деген алғысы шексіз. Осындай еңбегімен елге жаққан адал жанға рахметтен басқа айтарым жоқ,-дейді көрмені тамашалауға келген Гүлайым Мұхитова.
Кейін көрмені тамашалауға Дариян ауылдық округінің әкімі Тілек Кәкенов, БҚО Қазақстан Халқы Ассамблеясының төрағасының орынбасары Вера Шохина, Ресей Федерациясының Орал қаласындағы вице консулы Владимир Волков, М.Шолохов атындағы мұражайдың меңгерушісі Антонина Пудова, Озерный негізгі жалпы білім беретін мектебінің ұстазы Наталья Еременко және басқа да қонақтар келді.
Олар Михаил Старинецке алғыстарын жаудырып, алғыс хаттар мен естелікке сыйлықтар тарту етті.

Гүлжан АЯЗБАЕВА,
Бәйтерек ауданы