20.08.2021, 9:26
Қараулар: 41
Ата заң құрметіне арналған көрме

Ата заң құрметіне арналған көрме

«Бәйтерек» мәдени-ағарту тынығу орталығы 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай оқырман назарына «Ата заң – алтын қазық» атты кітап көрмесін дайындады.

Көрмеде Қазақстан Республикасының Конституциясы, Конституция баптарының фотосуреттері түрлі түсті иллюстрациялар ретінде көрсетілген.

Орталыққа келген оқырман назары Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 жылдық мерейтойына орай жарық көрген басылымға түседі. Кітап ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабындағы 1995 жылғы Конституцияға арналған мақаласымен басталады. Кітапқа ҚР-ның Конституциясы соңғы өзгертулер мен толықтырулар ескеріле отырып, толық енгізілген. Сондай-ақ «Қазақтың ата заңдары» кітабы да бар көрмеде. Бұл оқулықта белгілі ғұлама ғалымдардың, зерттеушілердің, жазушылардың қазақ әдет-ғұрып құқығы, оның бастаулары мен еркіндік идеяларына негізделген қағидалары, атақты «Жеті жарғы», «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» заңдар жинақтары, Ұлы дала демократиясы туралы ой-пікірлері мен тұжырымдары жайлы оқып білуге болады. «Ар мен Заң» деген кітап та көпшілік үшін қызықты боларсы сөзсіз. Онда Қазақстан халқының назарында болған небір ауыр да күрделі сот істерін заңды және негізді шешімдермен аяқтап, тек сот жүйесі мамандарының ғана емес, қалың елдің абыройына бөленген Советхан Сәкеновтың өмірі мен атышулы «Қорғас ісі» процесінің барысы баяндалады.

Сонымен қатар кітап көрмесінен Конституция тақырыбындағы Заң ғылымдарының кемеңгерлері Ө.Қопабаев, М.Матаева, С.Табанов, А.Оразова, Ж.Артықбаев, Н.Дулатбеков, Ғ.Сапарғалиев сияқты біртуар тұлғалардың еңбектері мен еліміздің конституциялық дамуы туралы жазған саяси қайраткерлер, құқықтанушылар мен ғалымдардың ой-пікірлерін де табуға болады.

-Конституция – Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік егемендігін, ынтымақтастығы мен келісімін, біздің қоғамның рухани дамуын бекітетін Ата Заңымыз. Көпшілікті келе жатқан Конституция күні мерекесімен құттықтай отырып, елімізге береке-бірлік тілеймін,-дейді аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Ж.Жаңабаева.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы