11.08.2021, 10:13
Қараулар: 44
Бәйтеректе Абай күні ерекше тойлануда

Бәйтеректе Абай күні ерекше тойлануда

Абай күні Бәйтерек ауданында кеңінен аталып өтілуде. Айтулы күнге орай аудан кітапханалары Ұлы ақынның құрметіне арналған түрлі шаралар ұйымдастырып, оқырмандарын қуантты.

Бұл күні аудандық орталық кітапхана «Абай – ақыл-ойдың алыбы» атты ашық есіктер күнін ұйымдастырды. Ұлы ғұламаның қара сөздері, шығармалары мен өлең шумақтарынан бейнеролик жасаған кітапханашылар оны әлеуметтік желелге жариялады.

-Жастарды отансүйгіштікке баулып, олардың бойында патриоттық рухты қалыптастыру мақсатында ауданға қарасты ауылдық округ кітапханаларында әдеби кештер, поэзия сағаттары, Абай оқулары мен әдеби дайджесттер үйымдастырылды. Атап айтқанда Жаңбыл, Зеленый, Новенький, Белес, Сұлукөл ауылдық кітапханаларында Абайдың шығармашылығына арналған кештер өтті. Бұл шаралар барысында оқырманға тағылымға бай поэтикалық және композиторлық туындылары таныстырылды. Ақын өлеңдері мен қара сөздері талқыланып, Абай рухына арналған әдеби сазды кештер ұйымдастырылды.-дейді аудандық кітапхана әдіскері Ақгүл Жұмабекқызы.

Кітапханашының айтуынша, Ұлы Абайдың туған күніне арналған кештер онлайн режимінде өткен. Барлық шараларды әлеуметтік желілерден көруге болады. Ойшылдың 176 жылдығына арналған мерекелік шаралар барлық ауылдық окрігтерде қолдау тапқан. Һәкімнің рухына арналған кештер мен кездесулер қыркүйек айына дейін жалғасады екен.

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы