25.08.2021, 16:18
Қараулар: 38
Дариян өнерпаздары Түркияға барады

Дариян өнерпаздары Түркияға барады

Осыдан тура бір ай бұрын Бәйтерек ауданы Дариян ауылы мәдениет үйінің жанынан құрылған «Ұлағат» театр үйірмесінің жеткіншектері Шығыс Қазақстан облысында өткен «Жұлдызды қадам» халықаралық байқауында бас жүлде еншілеп, Қырғыз елінде өтетін конкурсқа жолдама жеңіп алғанын жазған болатынбыз.

Күні күше дарияндықтар Ыстық-Көл жағасынан сүйінші хабарды жеткізді. Қырғыз еліне «Ұлағат» театр үйірмесінің екі қатысушысы Софья Бялт пен Никита Джуламанов барған-ды. Олар көрерменге қарттық пен жастықтың бақыты жөнінде көркем сөз оқып, әділқазылар мен жиналған ағайынның көзіне жас алдырды. Дарияндық өнерпаздардың шеберлігіне тәнті болған жюри Софья мен Никитаны бас жүлдеге лайықты деп таныды.

Олар Түркия елінде өтетін байқауға жолдама жеңіп алды. Ал жастарды өнерге баулып, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап жүрген театр жетекшісі Асылай Көпжанова ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хатқа ие болды.

-Осындай Халықаралық байқауларға қатысуға жағдай жасаған Бәйтерек аудандық мәдени-демалыс орталығының басшылығына ризашылығымыз шексіз. Енді келер жылы Түркия елінде өтетін байқауға дайындаламыз. Ия көп уақыт бар. Бірақ бауырлас ел көрерменін таң қалдырғымыз келеді,-дейді «Ұлағат» театр үйірмесінің жетекшісі Асылай Көпжанова.

Түгелбай Бисен,
Бәйтерек аудан