4.02.2021, 11:39
Қараулар: 117
Дина күйшіні ұлықтаған шара

Дина күйшіні ұлықтаған шара

Жуырда Бәйтерек ауданы Дариян ауылдық мәдениет үйі әйгілі күйші, күй анасы атанып кеткен Дина Нүрпейісованың 160 жылдық мерейтойына орай «Күмбірлеген домбыраның сазды үні» атты жас күйшілер байқауын ұйымдастырды.

Ауылдардағы талантты күйшілерді іздеу мен олардың шеберлігін шыңдауына ықал ету, жас орындаушылардың шығармашылық мүмкіндіктерін көтермелеу, өскелең ұрпақтың күйге деген қызығушылығын арттыру мақсатында оздырылған сайысқа 9 өнерпаз қатысты. Тыңдарман қауым мен әділқазылардың құлақ құрышын қандырған өнер додасында Дина анамыз бен Құрманғазы бабамыздың күйлері орындалды.

Қорытындысында ІІІ орын переметныйлық Руслан Ешмұқан мен дарияндық Ақбота және Мереке Ашироваға, ІІ орын мичуриндік Қанат Құсан мен тағы бір дарияндық өрен Марат Қуанышқа бұйырса, І орынды Дариян саз мектебінің оқушысы Нұрдәулет Мұхамбет қанжығасына байлады.

Сондай-ақ өнер додасында көптің көңілінен шығардай өнер көрсеткен Асан ауылының өнерпазы Нұрай Саргузиева,чувашкалық Ернар Тарғын мен белестік Гүлім Шамаровалар алғыс хаттармен марапатталды.

Гүлжан АЯЗБАЕВА,

Бәйтерек ауданы