22.04.2021, 9:32
Қараулар: 25
Жүрекке жылылық ұялатқан шара

Жүрекке жылылық ұялатқан шара

Дариян ауылдық кітапханасы «Парасат жолы» кеңсесінің ұйымдастыруымен ауылдағы «Шабыт» коворкинг орталығында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы халықаралық алтын медель иегері, «Платина Тарлан», «Жыл адамы» сыйлықтарының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Шөмішбай Сариевтің 75 жылдық мерейтойына арналған «Жырлары жүректі жырлаған» атты дөңгелек үстел өтті.

Басқосуға Дариян ауылдық округінің әкімі Тілек Кәкенов, «Парасат жолы» орталығының мүшелері қатысты. Шара барысында жиналғандарға ақын Шөмішбай Сариев туралы бейне ролик көрсетілді. Кейін Дариян ауылдық кітапхана меңгерушісі Шолпан Сұлтанғалиева қазақ әдебиеті тарихында ғана емес, өнер әлемінде де өзіндік орны бар ақынның жүріп өткен жолы туралы толық ақпарат беріп өтті.

Кейін «Арна» аудандық әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рахиля Бабақожақызы, ауыл әкімі Тілек Кәкенов және шараға қатысқан басқа да қонақтар ақын жайында естеліктер мен оның өлеңдері туралы ойларымен бөлісті.

Көптеген адамның жастық шағы өтіп, сағыныштарына айналған Алматы қаласына арнап Шөмішбай Сариев 100 шақты өлең жазған. Солардың ішінде тыңдармандарының көңілінен шыққан әнші Бағдат Сәмединованың орындауындағы «Өзің куә, Алматым» әні әлі күнге дейін тыңдаушысын жалықтырған емес. Ал, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның орындап жүрген «Заман-ай» әнін ақын ағамыз өзінің туған жеріне арнаған.

Ақын рухына арналған басқосудың соңында кітапхана меңгерушісі Шолпан Сұлтанғалиева оның кітаптарынан жасақталған «Қос қанатты ақын» атты көрмені таныстырды.

Гүлжан Аязбаева