25.03.2021, 15:03
Қараулар: 48
Келіншектер ансамблі құрылды

Келіншектер ансамблі құрылды

Әжелер ансамблі, балалар ансамблі, тіпті отбасылық ансамбль дегендерді естуші едік. Келіншектер ансамблі дегенді көрмеппіз. Жуырда Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин ауылдық округінде «Жайықтың толқындары» атты келіншектер ансамблі құрылды.

Ауылдық клубтың меңгерушісі Толқын Исмагулованың бастамасымен құрылған өнер ұжымының құрамында түрлі салада қызмет жасайтын келіншектер бар. Бірі шаштараз болса, бірі — кәсіпкер, енді бірі — еден жуушы, кітапханашы мен өнер саласында жүрген келіншектердің басы ансамбль құрамында біріккен.

Ұжым жетекшісінің сөзінше, ансамбль былтыр құрылған «Ақ жүніс» қыз-келіншектер клубы жанынан ашылыпты. Жұмыс бастағанына көп бола қоймаса да, келіншектер ансамблі ауылдық клуб ұйымдастырған онлайн шараларға белсенді қатысып, көрерменін тауып үлгеріпті.

-Ансамбль ашқандағы басты мақсатымыз — халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрінде ерекше орын алатын халық әндерінің дамуына үлес қосу. Сондай-ақ рухани мәдениеттің ажырамас бөлігі саналатын халық музыкасына деген көпшіліктің назарын аудару. Алдағы уақытта түрлі шаралар мен концерттер ұйымдастырып, көпшіліктің көңілінен шығамыз деген үміттеміз,-дейді ансамбль жетекшісі Толқын Исмагулова.

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы