3.03.2021, 16:28
Қараулар: 45
Парасат жолы – адалдық жолы

Парасат жолы – адалдық жолы

«Адалдық алаңы» жобасы аясындағы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министрлігі барлық облыстық, аудандық және ауылдық кітапханалар жанында «Парасат жолы» орталықтарын ашып, бірлесе жұмыс жасау туралы меморандумға қол қойды.

Азаматтық қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл идеологиясын ілгерілетіп, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру және парасаттылық құндылықтарын кеңінен насихаттау мақсатында ашылған өңірлік орталықтар жұмысын бір уақытта бастады.

«Парасат жолы» орталығы Бәйтерек ауданында да ашылды. Қоғам дертімен күресуді алдына мақсат еткен орталық жұмысының ашылуына аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жеңісгүл Жаңабаева және барлық кітапхана ұжымы қатысты. Алдымен жиналғандарға көпшілікке пайдасы тиер, азаматтарымызды парасаттылыққа бастайтын кітап көрмесі ұсынылды.

Жиын барысында алғаш сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев аталған жобаның берері мол екенін атап өтті.

-Бүгінде сыбайлас жемқорлықты тегістей жеңген мемлекет жоқтың қасы. Мемлекетті құртушы осы бір дертпен күрес еш уақытта тоқтамауы керек. Жемқорлықты жоюдың бірден-бір жолы – жас ұрпақты тәрбиелеу. Сондықтан да кітапханалар жанынан құрылған осындай орталықтар жастарымызды ғана емес, барша азаматтарымызды парасаттылыққа баулып, жемқорлыққа төзбеушілікке бағыттайды деген сенімдемін,-деді Е.Бисақаев.

Кейін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жеңісгүл Жаңабаева сөз алып, жаңадан ашылған орталықтың жұмыс жоспарын таныстырды. Ол өз сөзінде «Парасат жолы» орталығы алдағы уақытта талай жастың санасына сілкініс жасауға және оқырман қауымның таным-түйсігіне ізгі ой қалдыруға ықпал ететінін, орталық мүшелері қоғаммен тығыз байланыста жұмыстанатын болатынын айтты. Бұдан бөлек Жеңісгүл Қалиқызы арнайы жоспар құрылып, адалдық, парасаттылық, әділеттілік қағидаларын қалыптастыруға және ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын қоғамда ілгерілетуге бағытталған жұмыстар атқаратынын да атап өтті.

Сондай-ақ жиын барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр да сөз алып, орталық жұмысына сәттілік тіледі.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы