1.09.2021, 9:59
Қараулар: 43
Полигон ардагерлерімен кездесу өтті

Полигон ардагерлерімен кездесу өтті

Бәйтерек ауданының орталығындағы «Бәйтерек» мәдени-ағарту және тынығу орталығында Семей сынақ алаңының жабылғанына 30 жыл толуына орай Семейде әскери борышын өтеген жерлестермен кездесу ұйымдастырылды.

Кездесу қауіпті аймақта әскери борышын өтеп, тажал аралаған аймақта қызмет етіп, денсаулығы мен жастық шағын құрбан еткен сарбаздардың ерлігін насихаттау және тарихтың ақтаңдары мен сын сағатта қабылданған шешімдерді жаңғырту мақсатында өтті. Оған ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Жеңісгүл Қалиқызы, ауылдық округ әкімінің орынбасары Мирасбек Төреше, мәдениет, тілдерді дамыту дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов, Бәйтерек, Тасқала аудандарының қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы Қуат Досымбекұлы және 1967-1971, 1971-1972, 1976-1978 жылдардағы Семейде әскери борышын өтеген Хайролла Мұқанов, Сағидолла Мұқанов, Болат Нысанбаев, Асқар Сапишев, Юрий Твердов, Арыстан Байжанов сынды сарбаздар қатысты.

Шара басында қорғаныс істер жөніндегі бөлімі басшысы Қуат Досымбекұлы Невада-Семей қозғалысы жер бетіндегі ядролық полигондардың жабылу мәселесін әлемдік деңгейде көтергенін және бұл бастама әлі де өз жалғасын табатынына сенім білдірді. Сондай-ақ ол өз сөзінде полигон ардагерлеріне құрмет көрсетіп, олардың ерлігін насихаттап жүрген азаматтар мен азаматшаларға ризашылығын жеткізді.

-Полигондағы қызметте болғанда ақпараттың бәрі жасырын екенін көрдім. Қаланың сыртында қызмет еттік. Жарылысты казармада отырып сезетінбіз. Сынақ салдарының қандай болатынын ойламаған да едік. Қазір әскерде бірге болған достарыма зияны тигенін көріп жүрмін. Бүгінде көп адам полигонның зардабын түсінбей жатады. Семей полигонының жабылуына қол жеткізгеніміз – біз үшін үлкен жеңіс, — деді полигонда механик жүргізуші қызметін атқарған Юрий Твердов.

Сондай-ақ, шара барысында ауданда полигон ардагерлерінің қоғамдық ұйымын құру мәселесі сөз болды. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатырдың айтуынша, Семей ядролық полигонының зардабы тек елімізде ғана емес, бүкіл әлемге әсерін қалдырған. Сол себепті келер ұрпақ тарих қатесін қайталамас үшін аға ұрпақтың ерлігі мен олардың көрген қасіреті жайында көбірек айтылуы керек екен.

Шара соңында орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітапханашысы Айзада Талғатқызы аталған тақырыпқа орай дайындалған көрмемен таныстырып, Семей полигоны жайында ақпаратпен бөлісті.

Ардагерлер ерліктерін елеп жатқан ұйымдастырушыларға алғыстары мен ризашылықтарын білдірді.

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы