2.03.2021, 9:41
Қараулар: 63
Рахмет саған, туған ел

Рахмет саған, туған ел

Бәйтерек ауданы орталығында көктемнің алғашқы мерекесі «Алғыс айту» күніне орай «Рахмет саған, туған жер» атты салтанатты жиын өтті. Оған аудан әкімі Марат Тоқжанов, мекеме, бөлім басшылары мен еріктілер және ауыл тұрғындары қатысты.

-Алғыс айту күні еліміздегі тыныштық пен үндестіктің, өзара сенімділік пен қазақстандықтардың бір-біріне деген құрметінің орнығуына негіз болған және Елбасымыздың бейбітшілік пен келісімді сақтауға бағытталған саясатының салтанат құрған күні.

Бұл мереке тағдыр тәлкегімен Қазақ жеріне қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің отанына айналған қасиетті қазақ жері мен халқына деген терең тағзымның белгісі. Алғыс айту күні түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың ел бірлігін бекемдеумен қатар, тұғырлы татулығымыз бен ырысты ынтымағымызды жаңа белеске жетелейді.

Айтулы күн жақсылықты бағалай білуге, әр іске жақсылықпен жауап қайтаруға, өзара сыйластық пен құрметке бастайды. Кең пейілді қазақ халқы қашанда игі іске ризашылығын білдіріп, алғыс айтып отырған. Осындай құндылықтардың қадіріне жете білген елдің қашанда келешегі кемел болары анық.

Ендеше, көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген еліміздегі тыныштық пен үндестік, өзара сенім мен барша қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған мереке құтты болсын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ — береке тілеймін,-деді өз құттықтауында аудан әкімі Марат Тоқжанов.

Кейін аудан басшысы пандемия зардаптарын еңсеруде күн-түн демей қызмет қылған дәрігерлерді, қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз еткен полицейлерді, қиын кезде қолұшын беріп, мұқтаж адамдарға көмек көрсеткен меценат қолдаушылар мен осы шаралардың ұйымдастырылуында белсенділік танытқан волонтерларды «Алғыс айту» күнімен құттықтап, алғыс хат ұсынды.

Сондай-ақ салтанатты жиын барысында ауданның құрметті азаматы, еңбек ардагері Николай Анципрович сөз алып, елдегі татулық пен бкереке арта берсін деген жүрекжарды тілегін білдірді.

Шара соңы аудан өнерпаздарының концертіне ұласты.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы