18.02.2021, 12:08
Қараулар: 131
Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры ресми сайтын ашты

Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры ресми сайтын ашты

Таныстырылымына театр директоры Салтанат Абулгазиева, директордың шаруашылық істері жөніндегі орынбасары Мирас Мусин, труппа меңгерушісі Салауат Түменов, әдебиет бөлімінің меңгерушісі Әлия Шакуова, жарнама бойынша менеджер Жарқынай Адилова қатысты.

https://youtu.be/Yq2MwF3TiUY

Сайтта театрдың тарихымен, басшылық, шығармашылық, техникалық құраммен танысып, тағы басқа бөлімдерді қарай аласыз.
— Заман талабына сай ресми сайт ашу қажеттілігі туындап отыр. Жаһандық пандемия да цифрландырудың ақсап тұрғанын көрсетті. Өнерде көшіміз ілгері болып, әлемдік деңгейге шығу үшін цифрландырудың маңызы зор. Сайтты іске қосу онлайн жұмыстың қарқынды жүруіне әрі көрерменге тағы біртабан жақындауға мүмкіндік береді. Ақпарат заманында бәсекеге қабілетті болуымыз шарт. Елімізде көптеген театрдың сайты бар. Сайттан кез келген оқырман  театрдың тыныс-тіршілігімен танысып, мониторинг жүргізге алады. Ресми сайт шығармашылық құрамға да үлкен жол ашпақ. Сайт мемлекеттік тілде ашылып отыр. Болашақта орыс және ағылшын тілінде де жүйе енгізіледі. Ал өзге елдегі қандастарымыз үшін араб әліпбиіне негізделген төте жазумен де берілмек. Алдағы уақытта қолға алынатын «3D тур» ғимаратты виртуалды аралауға мүмкіндік береді, — дейді театр директоры Салтанат Абулгазиева.
Айта кетейік, сайтты «Joomla!» жүйесінде «TORUS.KZ» ЖШС дайындады. Сайтта театрдың facebook, instagram, youtube әлеуметтік желідегі парақшаларына сілтеме көрсетілген. https://khadisha-theatre.kz/kk/ мекенжайы бойынша кіріп, сайтпен танысуға болады.
Мұнымен қоса сайтта автоматтандыру жүйесі іске қосылады. Яғни актерлар құрамы бөлімінде әр актердың алдағы уақытта қай рөлді ойнайтынына сілтеме, қойылым бөлімінде рөлдегі актердың өмірбаянымен таныса аласыз. Болашақта «Онлайн билет» батырмасы арқылы https://ticket07.kz/ сайтына өтіп, театрға үйден отырып-ақ билет сатып алатын мүмкіндік туады.

Динара НАСЫР
Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры

ақпарат бөлімінің жетекшісі