21.05.2021, 10:45
Қараулар: 31
Үздік бардтар анықталды

Үздік бардтар анықталды

Жуырда Батыс Қазақстан облыстық әкімдігі білім басқармасының балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы «Шырқаған жастық шақ» бард әндерін орындаушылардың облыстық фестивалін өткізді.

Өнер сайысы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойына арналды. Сайысқа үш жас ерекшелігі бойынша мектеп пен колледж оқушылары қатысып, аудандық және облыстық іріктеуден өтті. Қатысушыларға гитараның сүйемелдеуімен әйгілі бард, танымал ақындардың немесе өз жанынан шығарған әнді орындау талаптары қойылды.

Елдегі қиын жағдайға байланысты конкурс онлайн форматта өтті. Әр қатысушы өзі орындаған туындыны Facebook әлеуметтік желісіне жүктеуі керек болды. Нәтижесінде Бәйтерек ауданының намысын қорғаған Янайкин ауылының тұрғындары Гумаровтар отбасы «Отбасылық ансамбль» номинациясынан бірінші орынға ие болса, Нұрлыбек Мұғалімов «Автор» номинациясы бойынша үшінші орынға табан тіреді.

-Шығармашыл да талантты қыз-жігіттерді анықтап, орындаушылар мен авторлардың деңгейін арттыру және авторлық әндер жанрына қолдау көрсету мақсатында оздырылған фестиваль жоғары деңгейде өтті.

Қашықтан өткеніне қарамастан әр өнерпаз өздерін жақсы жағынан көрсете білді. Осындай өнер жарыстары алдағы уақытта әлі де ұйымдастырылатынына сенімдімін,-дейді аудандық туризм орталығы өлкетану бөлімінің меңгерушісі Ильдар Абдрахманов.

Аружан АМАНЖОЛ,

Бәйтерек ауданы