11.01.2022, 16:14
Қараулар: 29
Өнерлінің өрісі кең

Өнерлінің өрісі кең

Жігітке жеті өнерді аз санап,тәлімі Абай, тәжімі Абылай болған елміз. Бой жарыстырар заманнан өтіп, ой жарыстырар заманның заңғарына келдік. Бүгінде атан жілік, арқар мүйіз батырлар ерлігі тарих қойнауында қалғанмен, өмірде өнердің өлмес мұра екеніне көзіміз жетті. Өнерлі жандар барда өнерден қапияда айырылмасымыз анық. Осы орайда, Бәйтеректің белсенді, мәдениетке мейлінше үлес қосып жүрген жандарды тілге тиек етуді жөн көрдік. Дәл қазір, аудан өнерпаздары арасында есімі ерекше дараланар жанның бірі жас болса да талай белесті бағындырған Зейнұр Сақтайдың есімі ерекше айтылады. Бүгінгі санда өнерімен талайды тамсандырған жан туралы сөз қозғауды жөн көрдік.

Расымен де кейіпкеріміз аудандағы әр мәдени шарада ән айтып я би билеп, не қойылымдарда басты рөлді сомдап, тіпті болмаса штативті арқалап қызықты сәтті кадрға таспалай жүреді. Сегіз қырлы бір сырлы Зейнұрды өңірдегі өнер сүйер қауым тегіс тани бастады.

Жас өнерпаз 2001 жылы Ақжайық ауданына қарасты Әтібек ауылында дүниемен дидарласады. Алтыншы сыныпқа аяқ басқан шақта, дәлірек айтсақ 2014 жылы отбасымен Переметный ауылына көшіп келді. Осы қоныс аударумен аудан мәдениетіне мейлінше үлесін қосып, өнерпаздар арасында өзіндік орнын қалыптастырды.

Бала күннен әсем әнге құмар, қоңыр дауысты Зейнұр-Ақан Жетеков және Мирболат Исмагулов сынды ұстаздардың вокал үйірмесіне қатысқан.

-Ән- биден бұрын 5 сыныпта оқып жүріп домбыра үйірмесіне қатысқан болатынмын.Жалпы әнге деген құштарлығым бала Зейнұрдан бар. Ал осы жолда ұстаздан тәлім алып 6 сыныпта бастадым. Жеке әнші боп өнер көрсеттім, дуеттпен де, квартетпенде шығып көрдім, -дейді Зейнұр Бекболатұлы.

Кейін, би өнерінен де хабары бар өнерпаз, мектеп қабырғасында жүргенде аталмыш бағытта да өзін дамыта түседі. Назгүл Жанғали атты бишінің жетекшілігімен мәдениет үйі жанынан құрылған «Іңкар» би ұжымының белді мүшесі болып, сан мәрте бәсі биік бәсекелердің алдын орады.

Бүгінде Зейнұр М.Өтемісұлы атындағы жоғары оқу орнындағы мәдени тынығу жұмысы мамандығының үшінші курс студенті.

Өмір біз күтпеген ғажайыптарға толы. Мектеп қабырғасында оқып жатқан соңғы жылы театр өнеріне қызығушылығы оянады. Өмірлік серік болар мамандығына алғашқы қадам осылай жасалды. Бұған өнердегі ағалары Әліби Жанабілов пен Кенесары Бұлғанбаевтың сеп болғанын, Зейнұр жасырмайды. Өзінің талантын шыңдап, актерлыққа баулыған ағаларына риза екенін әрдайым айтып жүреді ол.

-Мамандық таңдау кезінде де ойым екіұшты болды. Таңдауымда екі мамандық тұрды. Не режиссураны, не мәдени тынығу жұмысы мамандығын таңдауым керек болды. Дегенмен, ой қорытып, өзімді бір саламен шектемей, жан жақты дамытуды көздеп, мәдени тынығу жұмысы мамандығына түстім. Өмірімдегі қай түйткіл болмасын, шешімін табуға ұстаздарым барын салады. Бұл салаға келуімнің бірден бір себепкері де өнер саласында жүрген аға-апаларым. Білгендерін үйретіп, түйгендерін ұқтыра отырып үнемі қолдап жүреді,- дейді Зейнұр.

Бақ сынаған байқауынан үнемі жүлделі оралатын ол түрлі жанрлардағы облыстық, республикалық сонымен қатар халықаралық деңгейдегі көптеген жарыстың жеңімпазы атанып үлгерді.

Онымен қоса, өнерпаздың қоржыны биыл «Үздік жас режжиссер» және «Үздік студент»атты жүлделермен толықты.

Мақала жазамын деп сөзге тартқанда, Зейнұр бастапқыда келіспеді. Ондағысын: «Менен де елеулі еңбек етіп жүрген жандар бар, жол сол кісілердікі»,- деп түсіндірді. Осыдан- ақ оның бойындағы үлкенге көрсетер құрметін, адамгершілік қасиет анық байқаймыз.

Алдына үлкен мақсат қоя білетін кейіпкерімізді өзіңді он жылдан кейін қалай елестетесің деген сауалымыз біраз ойландырып тастады.

-10 жыл анау айтқандай көп уақыт емес. Мүмкін белгілі бір мәдениет үйінде актер я режиссер болармын. Алматыға жол түсіп жатса өзімді дикторлық қырымнан сынап көргім келеді. Ойым шашыраңқы, ең бастысы «Анамның көзінен жас, әкемнің бетінен ұят көрмейтіндей етіп өмір сүрсем болды»,- дейді Зейнұр.

Өнердегі жолын күні кеше бастаса да өмірін мәдениетпен байланыстыратын Зейнұр Сақтай туралы айтқымыз келгені осы. Мүмкін болашақта Зейнұр Бекболатұлы туралы да жаза жатармыз.

Назерке Сыйлыбаева

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz