31.05.2021, 10:44
Қараулар: 18

Бәйтерек ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылдық кітапханасында түрлі іс-шараларды үзбей өткізіп, оқырмандар мен ауыл тұрғындарының сүйіктісіне айнала білген Данагүл Алхамованы ауылдастары ерекше құрметтейді. Әсіресе кітап оқушылар саны күрт артқан карантин кезінде ол оқырман сұраған қандай да ақпарат пен әдебиеттің электронды нұсқасын сілтеме арқылы жіберіп, көпшіліктің алғысына бөленді.
Оның лайв режимінде өткізген түрлі тағылымды шаралары және ауған соғысы ардагерлері мен ҰОС солдаттарының ұрпағымен өткізген түрлі әдеби-сазды кештері шалғайдағы ауыл өміріне ерекше леп әкелген-ді.

Қандай іс бастаса да тиянақты әрі үлкен жауапкершілікпен атқаратын ауыл кітапханашысының қайырымдылық жасауға да жаны құмар. Жуырда Данагүл Алхамова Егіндібұлақ ауылдық кітапхананың тұрақты оқырмандарын және округке қарасты Алмалы елді мекенінің үш тұрғынын өз атынан газетке жаздырды.

-Артық білім — кітапта. Ал пайдалы ақпарат — газет бетінде. Аудан өмірі жайында бүкпесіз әрі нақты ақпарат алғысы келген жан «Ауыл тынысын» оқуы керек. Сол себепті ауылдастарымды газет жаздыруға үгіттеп жүремін, -дейді Данагүл ханым.

Биыл Егіндібұлақ ауылының азаматтары газетке белсенді жазылуда. Әсіресе, ауыл ақсақалдары мен тыл ардагерлерін газетке жазған атымтай жомарт азаматтар бары қуантады.

Арал БОЛПЫШҰЛЫ,
Бәйтерек ауданы