11.08.2021, 10:15
Қараулар: 52
Анасын ұрып өлтірген

Анасын ұрып өлтірген

Бәйтерек ауданына қарасты Трекин ауылдық округінде оқыс оқиға орын алды. Округке қарасты «Факел» саяжай қоғамдастығы аумағында орналасқан шаруа қожалығының жеріндегі вагон типтес жапсаржай ішінен зорлық белгілері бар 1960 жылы туған «Г» есімді әйел адамның  мәйіті табылды.

Оқиға орнына жеткен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тез арада тергеу жұмыстарын бастап, қылмыскерді тапты. Анықтай келгенде «Г» есімді азаматшаны өз ұлы «Е» өлтіргені белгілі болды.

Қылмыскердің айтуынша, арақ ішу барысында анасы оның қалыңдығы туралы жағымсыз пікір білдіріпті. Оған шыдай алмаған ол «Г»-ні соққының астына алған. Бірнеше рет бетінен, кейін жерде жатқан келіншектің төсінен тағы тепкен.  «Г» алған соққы салдарынан оқиға орнында көз жұмыпты.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-тармағымен қылмыстық іс қозғалған. «Е» есімді азамат қамауға алыныпты. Іс сотқа жіберілген. Анасын ұрып жазым еткен жан 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

А.Болатбекқызы,

Бәйтерек ауданы