1.09.2021, 11:59
Қараулар: 37
Ата заң күнін ерекше тойлады

Ата заң күнін ерекше тойлады

Бәйтерек ауданының тұрғындары Конституция күнін ерекше қарсы алды. Ата заң мерекесіне арналған шараларды негізінен спортшылар өткізді. Алдымен Трекин ауылының жас велошабандоздары мерекелік шеру ұйымдастырды.

Ертемен ауыл ішін думанға бөлеп, көк туымызды желбіретіп өткен велошеру трекиндік ағайынға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Көрші ауылдың бастамасын Рубежка округінің тұрғындары да жалғады. Олар да шайтанарбаға отырып, айтулы күннің бағасын арттырды. Достық ауылының белсенділері де қарап қалмады.

Олар ауылішілік футбол бәсекесін ұйымдастырып, тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Ерте басталған мереке ауданның біраз ауылын шарлап, Январцевқа да жетті. Желаяқтар ауылы саналатын елдің спортшылары Конституция күніне арнап Президенттік шақырымды жүгіріп өтті.

-Аудан спортшыларының басын қосқан «Бәйтерек» спорт клубы бұқаралық спортты дамыту үшін жұмыстануда. Ерекше мереке күні клуб әдіскерлері қарап қалмай, түрлі шаралар ұйымдастырды. Барша қазақстандықтарды осы бір айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймыз, -дейді «Бәйтерек» спорт клубының басшысы Максим Үмбетқалиев

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы