29.12.2021, 9:55
Қараулар: 28
Аудан шыршасының шамы жағылды

Аудан шыршасының шамы жағылды

Ел тәуелсіздігінің мерейлі мерекесін атап өткен соң елдегі ағайын ескі жылды шығарып, жаңа жылды қарсылау қамына көшеді.    Жаңа жылға қадам басқалы тұрған аудан жұртшылығы Переметный ауылындағы орталық алаңда жаңа жылдың бас символы – шырша шамын салтанатты жағу рәсіміне жиналды.

Көркі көз тартар, шамдары жарқырап, әсем безендірілген шыршаның маңына топтасқан тұрғындар мен балалардың қуанышына аудан әкімі аппаратының басшысы Тілекбай Төлепқалиев та ортақтасты. Түрлі ойыншықтармен, сан алуан жарықпен безендірілген әшекейі мол шырша орталық алаңға ерекше сән берді.

Мерекеде Тілекбай Қажымұратұлы сөз сөйлеп, көпшілікті Жаңа жылмен құттықтады.

-Ел егемендігінің 30 жылдығы шеңберінде өткен жылға өкпе жоқ. Аудан барлық салада жылды табысты қорытындылады.  Экономикасы дамып, халықтың әл-ауқаты арта түсті. Келер жыл баршамызға табыс, молшылық алып келсін. 2022 жыл баршамыз үшін сәтті, халқымыз үшін қолайлы да берекелі жыл болсын, -деді жиналған елді құттықтаған аудан әкімі аппаратының басшысы Тілекбай Төлепқалиев.

Мұнан кейін  бас шыршаның шырағы салтанатты түрде жағылды.

Түрлі түсті жарық шамдармен безендіріліп, сәні мен сымбаты келіскен шырша алыстан менмұндалап, көрер көздің жауын алады. Мерекелік кеште ертегі кейіпкерлерінің бейнесіне енген жастар өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, орталық алаңға Аяз ата мен Ақша қар жұптасып шығып, мереке көркін кіргізді. Жасыл шырша жанында аудан тұрғындары мен қонақтары жақсы әсермен мерекелік концертті тамашалады.
Осылайша Переметныйдың орталық алаңын әсем әуенге бөлеген мерекелік кеш көпшілікке тамаша көңіл-күй сыйлады.

Түгелбай Бисен

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz