29.01.2021, 11:46
Қараулар: 139
Ауылдасына көмек көрсетті

Ауылдасына көмек көрсетті

Бәйтерек ауданы Көшім ауылдық округіне қарасты Колесово ауылында төтенше жағдай орын алды. Тимур Мусин есімді ауыл тұрғынының үйінің шатыры құлады. Оқиға кезінде отағасы мен жолдасы және төрт баласы үйде болған. Абырой болғанда оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Үй иесі төбенің не себеппен құлағанын түсіндіре алмайтынын айтады. Өйткені бұл күні ауа райы ашық болатын. Әйтсе де орын алған оқыс жағдай үлкен материалдық шығынға әкеліп соқтырды.

Төтенше жағдай туралы естіген ауыл тұрғыны «Доценко» шаруа қожалығының басшысы Анатолий Доценко қыс ортасында қиын жағдайға түскен отбасыға бірден 500 мың теңге аударды. Қазіргі құрылыс жұмыстары басталып, пәтер шатыры қалыпқа келтіріліп жатыр.

-Анатолий Владимирович – ауылымыздың сыйлы азаматы. Үнемі аудан қажеттіліктерін ескеріп отырады. Пандемия кезінде ауыл тұрғындарына азық-түлік пакеті, маскалар және басқа да қаражатсыз көмек түрінде жәрдем көрсетті. Сонымен қатар округіміздегі танымал «Нұрай» би тобын үнемі қолдап отырады. Сонымен қатар «Мектепке жол» сынды акциялар оның қатысуынсыз өтпейді. Анатолий Доценкоға алғысымыз шексіз,-дейді Көшім ауылдық округінің әкімі Айнагүл Баянова.

Аружан БОЛАТБЕКҚЫЗЫ,

Бәйтерек ауданы