20.08.2021, 9:43
Қараулар: 40
Бедел биігіндегі 30 жыл

Бедел биігіндегі 30 жыл

Еліміз биыл Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлайды. Ел үшін көп болғанымен, тарих үшін бір сәттей болған уақытта қазақ елі айтарлықтай жетістікке жетті. Елмен бірге туып, елмен бірге есейген бала осы күні орда бұзар жасқа келді. Осы мақаламызға Мәнсия Нариманқызы Дауова арқау болады. Осыдан 30 жыл бұрын еңбек жолын бастаған жас маман бүгінгі таңда тәжірибесі толысқан маман атанды.

smart

-Мемлекетіміз Тәуелсіздік алған жылы еңбек жолымды бастауыма нәсіп еткен екен. Мен мұны мақтан етемін. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, ананың жасы, әкенің маңдай терімен келген тәуелсіздік жылдарында өз отанымда еңбек етуге мүмкіндік берген тағдырыма разымын,-дейді Мәнсия Дауова.

Дәрігер болуды бала күнінен армандаған Мәнсия Нариманқызы мектепті аяқтаған соң Орал қаласындағы медицина училищесіне оқуға түседі. Оны 1985 жылы ойдағыдай аяқтап, Ақтөбе қаласына жол тартады. Ондағы мақсаты – Марат Оспанов атындағы медициналық институтқа түсу. Жастайынан білгір, білімге құштар Мәнсия институтқа бірден қабылданады. Ол оқу орнын 1991 жылы тәмамдап, емдеу ісі маманы атанады.

-Институтты қызыл дипломмен аяқтап, ауылыма оралдым. Еңбек жолымды туған жерім Жәнібек ауданы орталығындағы аудандық ауруханаға қарасты «Қайрат» отбасылық амбулаториясынан бастадым. 1992 жылы Жәнібек аудандық ауруханада фтизиатр, 1996 жылы учаскелік терапевт дәрігер және қосымша кардиолог болдым,-дейді кейіпкеріміз.

Мәнсия Нариманқызы тоқсаныншы жылдардағы қиындықты еске алғанды онша ұната бермейді. Кардиолог, фтизиатр сияқты мамандардың ауадай қажет кезі. Жаңадан келген мамандарды қуана қарсы алып жатқанымен, оларға жағдай жасай алмаған шақ кейіпкеріміздің әлі есінде.

-Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біраз қиындықты еңсеруге тура келді. Аудан орталығы қалаға алыс, жол қатынасы қазіргіден де қиын. Ауыр дертпен түскен адамдарды облыс орталығына жеткізгенше мазамыз қашатын,-дейді дәрігер Дауова. Соған қарамастан ол еңбегіне адал, антына берік бола білген. Адам жанының арашасы болуға тырысып, күн-түн демей, уақытпен санаспай, еңбек еткенін еске алады ол.

-«Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» деген ұлағатты сөз тегін айтылмаса керек. Бар өмірімді денсаулық саласына арнап, халықтың ықыласына бөлендім. 2010 жылы аурухана директорының емдеу ісі

жөніндегі орынбасары лауазымына ауыстым. Бұл міндет те үлкен жауапкершілікті талап етті. Ол қызметті бір жыл атқарған соң отбасы жағдайыма байланысты сол кездегі Зеленов ауданына қарасты Достық ауылындағы дәрігерлік амбулаториясында еңбек еттім. 2013 жылдың қараша айынан бері директордың медициналық қызмет көрсету сапасын бақылау жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келемін,-дейді тәжірибесі толысқан дәрігер.

Масасыз мамандықтың иесі болуына ықпал етіп, қолдау танытқан зейнеткер дәрігер Өтеген Құбаевтың еңбегін жоғары бағалайтын Мәнсия ханым ондай абыройлы дәрігердің алдын көргеніне разы.

Өмірлік жары Талғат Дауов – Ауған соғысының ардагері, қазір құрметті демалыста. Үлкен қызы Алтынай да анасының жолын қуған дәрігер. Ұлы Нұрлыбек Атырау қаласында қызметте, келіні Ағырыс Рамазанқызы аудандық ауруханада кадр бөлімінің инспекторы. Кіші қызы Дариян ауылындағы Абай атын иеленген мектеп-гимназия интернатының 10-сынып оқушысы. Өзіне де, өзгеге де талап қойғыш мінезімен, ұйымдастырушылық қабілетімен әріптестері арасында зор беделге ие болған Мәнсия Нариманқызының қысқаша өмір жолы осы. Тәуелсіздік алған жылы жас маман болып келген ол қазір кей маманға ұстаз, сүйікті жар және ана.

Гүлжан Аязбаева,

Бәйтерек ауданы