9.06.2021, 16:47
Қараулар: 10
Белсенді жастар ауыл сәні

Белсенді жастар ауыл сәні

Маусым айының басында Бәйтерек ауданы Январцев ауылында жұмысын бастаған «Жасыл ел» еңбек жасағы ауылды абаттандыруға көп көмек етті. Құрамында бес жауынгері бар топ округ орталығындағы саябаққа «Туя Смарагд» ағашының 6 түбін, петунья, бархотка секілді гүлдерді егіп, олардың жерсініп кетуіне қолғабыс қылды.

Ауылдық округ әкімдігі аппаратының бас маманы Гүлнара Майманованың айтуынша, жасылелдіктер саябақтар мен ескерткіштер маңын тазартып, ауыл ішін абаттандырумен ғана айналыспайды екен. Жастар «Таза жағалау», «Ардагерлерді ардақтайық» акцияларына белсенді қатысып, қайырымдылық істен де шет қалмайтын көрінеді.

-Бірінші шілдеден бастап еңбек еткен жастардың екінші легі жұмысына кіріседі. Жауынгерлер белсенді және еңбекқор. Қай кезде де санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, волонтерлікті де ұмытпай, ардагерлерге барып қол ұшын беруге дайын. Игі істерімен ауыл тұрғындарына үлгі көрсеткісі келеді. Жыл сайын жалғасын тауып келе жатқан «Жасыл елдің» өткен жылдан бергі шектеулерге қарамастан қолға алынғаны қуантарлық жайт. Ауылдың гүлденуіне жастардан құралған еңбек жасақтарының үлесі мол,- дейді округ әкімдігі аппаратының бас маманы Гүлнара Майманова.

Гүлжан АЯЗБАЕВА,

Бәйтерек ауданы