23.07.2021, 9:25
Қараулар: 61
Достық жамағаты қарызын өтей алмаған ауылдастарына көмектеспек

Достық жамағаты қарызын өтей алмаған ауылдастарына көмектеспек

Құрбан айт – қайырымдылық мерекесі. Күллі мұсылман қауымының асыға күткен, ақ түйенің қарны жарылатын күн. Бұл күні мұсылмандар Алланың жолында құрбан шалып, жаратқаннан тілек тілейді. Бәйтерек ауданы Достық ауылының жамағаты үш күй айтты қайырымдылыққа арнады.

Мереке күндері ауыл жамағаты тұрғындар мен мұқтаж жандарға көмек көрсетті. Өзара қаражат жинап, оған азық-түлік себеттерін және бүлдіршіндерге арналған тәттілер алған Достық ауылының жігіттері. Айттың алғашқы күні мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасаса, екінші күні ауыл балаларына тәттілермен қуантты.

-Ұлық мейрамды насихаттап, құрбан шалу дәстүрін жандандырып, қайырымдылық шараларын кеңінен ұйымдастыруға ниетті болған ауыл жамағаты бір апта ішінде 120 мың тенге қаражат жинады. Сондай-ақ ауылдың жомарт азаматтары қой сыйға тартып, ауыл маңында ұлттық дәстүрде құрбан шалынды. 15 отбасыға азық-түлік қоржындары мен ет таратылды. Қалған қаражатқа Достық ауылының барлық балаларына тәттілер мен балмұздақтар берілді. Ендігі кезекте ауыл дүкендерін аралап тұрғындардың өтей алмай жүрген қарыздарын төлеуге көмектеспекшіміз,-дейді ауыл тұрғыны Мейрамбек Мажитов.

Айт мейрамында қайырымдылық жасау адамдардың бір-біріне деген жылулығы мен сыйластықтарын арттырады. Мұқтаж жандарға көмек көрсету – ислам дініндегі маңызды міндет. Сол себепті аталған шара қоғамда қолдау тауып, ізгі ниетті жаңдарға үлгі болады деген ниеттеміз.

Аружан АМАНЖОЛ,

Бәйтерек ауданы