18.08.2021, 9:27
Қараулар: 43
Жамағат бас қосты

Жамағат бас қосты

Жуырда аудандық мешіт пен Достық ауылдық округінің әкімдігі ауданға қарасты Достық ауылының жамағатын жинап, қызықты шара ұйымдастырды. Ауыл мұсылмандарының ауызбіршілігін арттыру және көкейдегі өзекті мәселелерге оңтайлы жауап алу мақсатында ұйымдастырылған шараға округ әкімі Ә.Төлеуов, аудан имамы Б.Дүйсенәлі, қалалық орталық мешіттің ұстазы Е.Құмаров қатысты.

Ауыл ортасындағы ойын алаңқайына жиналған жамағат алдымен спорттық жарыста күш сынасты. Гір тасын көтеру, арқан тартыс, шағын футбол, қол күресі ойындары көпшіліктің қызығушылығын оятты. Бәсекеден аудан имамы, ауыл әкімі және қаладан келген ұстаздар да шет қалмады. Сайыс қорытындысында жеңімпаз атанғандар мен жүлдегерлерге шараға қолдау білдірген «Шапағат шамшырағы» қоғамдық бірлестігі ұсынған бағалы сыйлықтар табысталды.

Спорттық шаралардан соң жамағат дастархан басына жиналып, уағыз-насихат айтылды. Жамағаттың ауызбіршілігі, ауылдың қоғамдық өміріне араласып, мұқтаж отбасыларға қалай қол ұшын бере аламыз деген сияқты көкейкесті сұрақтар талқыланды.

-Жамағат біріксе, үлкен күшке айналады. Олардың ауызбірлігін сақтап, ауылдың, ауданның қоғамдық өміріне белсенді араластыру – басты мақсатымыз. Діни білім алғысы келетіндерге де қолдау танытып, оқуға қалай түсуге болатыны туралы кеңес беретін боламыз. Мұндай шаралар ауданның басқа да ауылдарында өтетін болады. Сондай-ақ жамағат арасында білім сайысын ұйымдастыруды да жоспарладық,-дейді Жұбан молда мешітінің бас имамы Б.Дүйсенәлі.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы