9.07.2021, 9:29
Қараулар: 19
Жасыл ел жұмысы қызып тұр

Жасыл ел жұмысы қызып тұр

Елбасы бастамасымен жүзеге асып келе жатқан «Жасыл ел» бағдарламасы Бәйтерек ауданында қарқынды жүруде.

Студенттер мен жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтып, жас ұрпақ арасында патриоттық сезім мен экологиялық тәрбиені насихаттайтын ұйым жұмысы ауданымызда маусым, шілде, тамыз айларына жоспарланған. Қазіргі таңда еңбек жасағының екінші маусымы басталды. Тазалық жұмыстары өз дәрежесінде өтуде.

Биыл Бәйтерек ауданында 16-29 жас аралығындағы жастарға республикалық «Жасыл ел» штабынан 81 квота бөлінген. Маусым айында жұмысшы жастар Январцев, Раздольный, Мичурин ауылдық округітерінде еңбек етсе, қазір екінші лек жастары Переметный, Дариян, Мичурин ауылдарын абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Еңбек отрядтары көгалдандыру жұмыстарымен қатар белгіленген территорияның қоқысын жинап, саябақтарда, темір және автокөлік жолдары бойына көшеттер отырғызып, абаттандыру жұмысын атқаруда.

-Жастарға экологиялық білім беріп, оларды еңбексүйгіштікке, патриоттыққа, жинақылық пен тазалыққа тәрбиелейтін «Жасыл ел» бағдарламасының өскелең ұрпақ үшін маңызы зор. Бұл жерде жастар аса ауыр жұмыс атқармайды. Киім-кешекпен арнайы қамтылған еңбекші жастардың қауіпсіздігі де толығымен сақталған. Жалпы қауіпсіздік ережелерін сақтамай, қиындыққа тап болған студенттер мен оқушылар болған жоқ. Күннің ыстығына қарамастан жастардың жұмыс істеуге ынтасы зор. Уақытында жұмысқа келіп, өздеріне берілген тапсырманы дер кезінде орындауда, — дейді аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Жанар Асылбекқызы.

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы