20.08.2021, 9:59
Қараулар: 44
Күздік бидай толық жиналды

Күздік бидай толық жиналды

Диқан біткен далада жүр. Өйткені бидай ору науқаны қызып тұр қазір. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімі берген мәлімет бойынша, биыл 128 мың гектардан астам жерге дәнді дақыл себілген. Оның 56 мыңнан астамы күздік бидай болса, қалғаны жаздық.

Қазіргі таңда күздік бидай толығымен жиналған. Егілген өнімнің 4200 гектардан астам алқабы есептен шығарылыпты. Қалған жерден алынған өнім жаман емес. Мамандар берген мәліметке сенсек, барлық күздік дақылдан қамбаға 46185 тонна өнім түсіпті. Бұл дегеніміз дақылдың әр гектарынан 8,1 центнер өнім алынды деген сөз.

Қазіргі таңда жаздық дақылдар орылып жатыр. 67 мың гектардан астам жерге себілген жаздық дақылдардың 1720 гектары есептен шығарылған. Қазір 48531 гектар жердегі өнім жиналған. Қамбаға 33925 тонна өнім түскен. Диқандар жаздық бидайдың әр гектарынан 7 центнер өнім алып жатқандығын айтады.

Сондай-ақ соңғы жылдары майлы дақылдарды егу ісі де жақсы жоолға қойылды. Аудан шаруалары негізінен күнбағыс, мақсары, зығыр және қыша егеді. Негізгі күшті диқандар күнбағысқа салуда. Бұл дақыл 36 мыңнан астам гектар жерді алып жатыр. Одан кейінгі орында мақсары ол 28 мыңнан астам гектарға егілген. Қалған жерлер зығыр мен қышаға бөлініпті. Қазір шаруалар тек зығыр мен күнбағыстың кішкене бөлігін жинады. Екеуі де гектарынан 9,5 центнер өнім беріп тұр. Қамбаға 793 тонна өнім түсірілген.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі бақша дақылдары туралы да ақпарат берді. Сөздерінше, бақша өнімі 465,3 гектар жерге салыныпты. Бағбандар қияр, қырыққабат, қызанақ, пияз, сәбіз және қызылша еккен. қазіргі таңда қамбаға 3476 тонна бақша өнімі түсіпті.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы