26.02.2021, 9:29
Қараулар: 87
Мал бордақылау кешені жұмысын жандандырды.

Мал бордақылау кешені жұмысын жандандырды.

Біраз жыл бұрын Бәйтерек ауданына қарасты Янайкин ауылында бой көтерген мал бордақылау кешені соңғы төрт жылдан бері тұралап қалған болатын.

Облыстық және жергілікті әкімдік кешеннің жұмысын жандандыру мақсатында біраз іс атқарып, жеке инвестиция тарту арқылы мәселе шешімін тапты. Соның арқасында кешен атауын «Янайкино» деп өзгертіп, мал қабылдауды бастады.

Аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Лауаз Уәлиевтің айтуынша, жаз айларында жұмысын бастаған кешенге жыл бойына жететін жем-шөп жеткізіліпті.

-Бүгінде кешенге 80 бастай мал әкелінді. Облысымыздың барлық аудандарымен келіссөздер жүргізілуде. Жыл соңына дейін бұл орын толық күшінде жұмыс жасайтын болады. Қазіргі таңда 40 адам жұмыспен қамтылды. Негізінен жергілікті тұрғындар алынуда. Алдағы уақытта жұмысшылар саны 80-ге жетеді,-деді Л.Уәлиев.

Лауаз Жеңісұлының сөзінше, бордақылау кешеніне Бәйтерек және Шыңғырлау ауданының шаруалары мал тапсырған. Өңіріміздің оңтүстік аудандарымен де келіссөздер жүргізіліпті. Алдағы уақытта мал алып келушілер саны артады деген үміт бар екен.

Тағы бір айта кететін жайт бұл жерге тапсырылған 7-18 айлық бұқашықтардың салмағы 200 ден 300 келіге дейін болатын болса, тапсырушыға 40-тан 60 мың теңгеге дейін демеуқаржы беріледі. Оны рәсімдеу үшін кешен басында барлық жағдай жасалған.

«Янайкино» мал бордақылау кешенінің меңгерушісі Вячеслав Гуссамов бұл орынды қалпына келтіру ісі жаз айларында бастағанын айтады. Айналасын ретке келтіріп, барлық инфрақұрылымы мен қораларды қымталған инвестор бұл іске екі миллиардтай қаржы жұмсапты.

-Бүгінгі таңда мал қабылдауды бастадық. Жыл соңына дейін мал санын сегіз мың басқа жеткіземіз. Ең бастысы тапсырушыларды табу. Биылға жететіндей жем-шөп алдық. Ақжайық ауданы аумағынан және Янайкин ауылы маңынан шабындықты да алдық. Ерте көктемнен бастап, шөп шабу науқанына дайындаламыз,-деді В.Гуссамов.

Жұмысын жандандырған кешен басына барғанымызда мал тапсырушы азаматтар да кездесті. Солардың бірі Сергей Лебедев.

-Бірнеше жылдан бері ағам екеуміз мал өсіруді қолға алдық. Осы кезге дейін ірі-қараны тапсыратын орын іздеп көп жүретін едік. Аудан аумағындағы кешеннің жұмысы жанданғанын естіп, бұқашықтарымызды тапсыруды ұйғардық. Бұндай орын ауданға керек-ақ,-дейді С.Лебедев.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы