13.07.2021, 9:22
Қараулар: 52
Мичуринде атқарылған жұмыс көп

Мичуринде атқарылған жұмыс көп

Аудан әкімінің округтердегі атқарылған жұмысты бағамдаған сапары жалғасуда. Күні кеше Мичурин ауылдық округіне барған Марат Тоқжанов ауыл активімен жүздесіп, жергілікті кәсіпкерлермен тілдесті.

Алдымен ауылдық клубта жергілікті тұрғындардың назын тыңдаған Марат Лұқпанұлы ауыл әкімі Максим Мусалимовтың не тындырғанын бағамдады.

Ауылнайдың айтуынша биыл елді мекенде біраз жұмыс атқарылған. Әсіресе, округті абаттандыру мәселесі жақсы жолға қойылыпты. Жергілікті халық өткен жылы басталған ауылішілік жолдың жөнделіп жатқанына да разы. Сондай-ақ Чапаев көшесінің көп жылдан бергі мәселесі боп келген жарық шамдарын орнату жайы да биыл шешіліпті.

-Алдымызға қойған ең негізгі мәселелердің бірі – округ орталығы мен оған қарасты ауылдардың тазалығы. Қазіргі таңда үш стихиялық қоқыс тастайтын орын тегістеліп, ауыл жанындағы қорым аймағы қоршалды. Асан ауылына егілген 90 түп ағашты уақтылы суарып тұратын кәсіпорынмен келісім жасалды. Сондай-ақ Жамбыл, Зеленое және Октябрь ауылдарына балалар ойын алаңын саламыз,-деді өз баяндамасында ауыл әкімі М.Мусалимов.

Күн райы бұзылса, мичуриндіктер де жарықтан тарығады. Әбден ескірген электр желілері бұл жақтағы ағайынды мезі еткен. Округ басшылығы ауылға қосымша электр торабын қою туралы шешім қабылдап, жобалық сметалық құжаттамасын жасап қойған. Алдағы күндері ол жұмыс оңынан шешілмекші. Болашақта округ аумағындағы 12 көше жөнделмек, Жамбыл, Октябрь ауылдарын Самара-Шымкент тас жолына қосатын жол құрылысы да басталатын болады. Зеленое мен Мичурин ауылдарын ауыз сумен қамту жөніндегі жобалық сметалық құжаттар да дайындалған.

-Жергілікті кәсіпкерлер ауылға көп көмек береді. Қолында барымен бөлісетін кәсіп иелері жалпы соммасы 6,7 миллион теңге болатын ауылішілік жолдарды жөндеуге қажетті жобалық сметалық құжаттарды дайындап берді. Сондай-ақ мұқтаждар мен ауыл балаларына да көмектері көп,-деді округ әкімі М.Мусалимов.

Бұдан бөлек халықты жұмыспен қамту, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, ауыл шаруашылығын дамытуда да округ алдыңғы қатарда.

Сонымен қатар жиын барысында ковид-19 індетіне қарсы тұрудың бірден-бір жолы екпе алу жайы да сөз болды. Қазіргі таңда округке қарасты Жамбыл, Октябрь, Зеленое ауылдарында 620 адам екпе алуы керек болса, оның 121-і алған. Ал Асан мен Мичуринде 3234 адамның 911-і егілген.

-Өкінішке орай аудан қызыл аймақта. Ауру жұқтырғандар саны артып отыр. Оны жеңудің жалғыз жолы – екпе алу. Сондықтан тез арада егіліп, өзімізді де, өзгені де сақтап қалғанымыз дұрыс,-деді кездесу барысында аудан басшысы Марат Тоқжанов.

Сондай-ақ аудан әкімі жиналғандарға осы кезге дейін атқарылған және болашақта жасалатын жұмыстардың жайын да атап өтті.

Кездесуден соң округ аумағындағы кәсіпкерлік нысандарын аралаған Марат Лұқпанұлы алдымен Қуаныш Мурзагалиев жетекшілік ететін «Мурзагалиев» жеке кәсіпкерлігіне ат басын тіреді. Құрылысқа қажетті бетон өндіретін зауыт жұмысымен танысқан аудан басшысы кәсіпкер жұмысына оң бағасын берді. Жаңа жабдықтарды алып, зауыт аумағын кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын құрған Қуаныш Мурзагалиев болашақта өңірді жергілікті өніммен қамтымақ екенін жеткізді.

Одан соң «ДвинСтрой» ЖШС-не барған Марат Лұқпанұлы түрлі брусчаткалар мен тауарлы бетон өндірісінің жұмысымен танысты.

-Жаңа жұмыс орындарын ашып, құрылысқа қажетті өнім шығаратын кәсіпорынның болғаны қуантады. Сапасы да көңілден шығып тұр. Бүгінде ауданда көптеген инвестициялық жобалар іске асырылуда. Соған өз үлесін қосып отырған кәсіпорын басшылығы қайырымдылықты да ұмытпай, өзі жұмыс жасап отырған ауылға да көмегін тигізгені дұрыс,-деді аудан әкімі.

Сондай-ақ «ОралГазТорг» жеке кәсіпкерлігінің базасына тоқтаған Марат Лұқпанұлы азықтық газ бен пластикалық шөлмек және ауыр жүк көліктерін жуу қызметін көрсетуші орынның жұмысына да оң бағасын берді. Одан соң пластикалық терезе жасайтын «Тюрин» жеке кәсіпкерлігінде болған аудан басшысы жұмыс бастаған жанның ісіне сәттілік тіледі. Сапар барысында Марат Лұқпанұлы аудан аумағында тұрған кәсіпорындар салықты да аудан қазынасына құю керектігін баса айтты.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы