16.08.2021, 16:49
Қараулар: 50
Он мың майшабақ құтқарылды

Он мың майшабақ құтқарылды

Бәйтерек ауданы Махамбет ауылының жастарынан құрылған «Жебе» волонтерлар тобы біраз игілікті іс тындырды. Осы кезге дейін ауыл ішіне сенбілік ұйымдастырған еріктілер көптің алғысын алды. Ауыл жастарының басын қосып, волонтерлықты дамытсам деп жүрген Нұрбек Жеңісовтің айтуынша, махамбеттік өрендер қандай да болсын жақсы бастаманы қолдауға әзір екен.

Жуырда Махамбет волонтерлары ауыл шетіндегі аңқасы кеуіп, көлемі кішірейіп шалшыққа айналған тоған ішіндегі майшабақтарды аулап, балықты үлкен өзенге жіберді.

-Ауылыма жаным ашыған соң «Жебе» волонтерлар тобына қосылдым. Көшелерді тазалап, экологиялық апатты болдырмас үшін тоғандарда қалған балықты аулап өзенге жібердік. Акция барысында екі мыңнан астам шабақ ауладық,-дейді игі бастаманың бас қасында жүрген жас волонтер Ертас Махамбет.

Құрылғанына көп бола қоймаған волонтерлар тобы ауыл маңындағы тоғандарда қалған балықтың біразын өзенге жіберіп үлгерген. Ауыл жастарының жетекшісі Нұрбек Жеңісов осы кезге дейін еріктілердің арқасында он мыңға жуық майшабақ құтқарылғанын айтады.

-Ауылда волонтерлықты дамытсам деген ойым бар. Жастар бастамаға қолдау танытып отыр. Ауыл ақсақалдары мен басқа да азаматтар күш біріктіруге әзір. Болашақта басқа да игі шаралар ұйымдастырып, ауыл сәнін кіргізсек деген жоспарымыз бар,-дейді Нұрбек Жеңісов.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы