14.01.2021, 9:48
Қараулар: 81
Оқиға орнынан бой тасалаған

Оқиға орнынан бой тасалаған

Жуырда Орал-Атырау тас жолында орналасқан Көшім ауылы маңында жолдың қарсы бетіне шыққан «ВАЗ 2110» автокөлігі «Газель» көлігімен соқтығысқан. Қуанышқа орай апат салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Тек ВАЗ-ды басқарған көлік иесі оқиға орнынан бой тасалапты.

Көлігі бұзылған газель жүргізушісі бірден полицияға хабарласып, мән-жайды түсіндірген. Оқиға орнына барған Бәйтерек аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы А.Намазов жақын маңдағы бейнекамералардағы жазбаларды тексеріп, оқиға себепкері 1990 жылы туған «А» есімді азамат екенін анықтады.

Қосымша тексеру нәтижесінде «А» машинаны масаң күйінде басқарғаны анықталды. Енді оның үстінен әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608 (көлікті алкогольдік және есірткі салдарынан масаң күйде басқару) және 611 (жүргізушінің жол-көлік оқиғасы кезіндегі міндеттерін орындамау) баптары бойынша хаттамалар толтырылып, іс сотқа жолданған.

Оқиғадан зардап шеккен Шымкент қаласының тұрғыны бәйтеректік полицейлерге алғысын білдіреді.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы