25.08.2021, 16:23
Қараулар: 46
Тәтті бизнес иесі

Тәтті бизнес иесі

Осы күні кәсіп ашып,еңбек етемін деп талпынған жанға қолдау көп. Мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, кәсіп ашуға ниетті тұрғындар баршылық. Сондай жандардың бірі – Дариян ауылының тұрғыны Жұмабике Таңатарқызы Ишмұхамбетова.

Біршеше жыл бойы жұмыссыз жүрген Жұмабике Ишмухамбетова жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы жанынан ашылған «Бастау – бизнес» бағдарламасы бойынша білім алған. Оқу барысында кәсіпкерліктің қыр – сырын толық меңгеріп,өзінің бизнес жобасын жасақтаған кәсіпкер жақында жеке ісін ашты.

Қайтарымсыз қаржыға ие болған Жұмабике Таңатарқызы «Сұйық балмұздақ» және «Тәтті мақта» жасап сататын аппарат сатып алып, «Тәтті» атты кәсібін ашқанына санаулы күндер болса да оның тауары үлкен сұранысына ие болуда.

-Балмұздақ жасау үшін мал шаруашылығымен айналысатын дарияндық жеке кәсіпкер Жеңіс Еркашевтан сүт, арнайы қоспа мен қалбырды Орал қаласынан тапсырыспен сатып аламын. Әзірге балмұздақтың шоколадты, құлпынай, ванильді түрлерін жасап, саттыққа шығарып отырмын,-дейді кәсіпкер.

Досының іс бастағанына қуанған Ерболат Жұмашев Жұмабике ханымға үйінің алдына тұрып, сауда жасауға жағдай туғызған. Ол үшін жаңа кәсіп иесі досына разы екенін айтады.

-Өніміміз тек сапалы сиыр сүтінен жасалады. Балмұздақты өткізу үшін алдағы уақытта дүкен иелерімен келіссөздер жүргіземін. Тауарымыздың бағасы қолжетімді болғанын қалаймыз.Сондықтан да үлкен қалбырдағы балмұздақты -200, көлемі кішілеу балмұздақты 100 теңгеден, тәтті мақтаны – 100 теңгеден сатамыз. Алдағы уақытта кәсібімнің аясын кеңейткім келеді,- дейді Жұмабике Ишмұхамбетова.

Гүлжан Аязбаева,

Бәйтерек ауданы