26.07.2021, 17:50
Қараулар: 56
Істің жөнін білетін жан

Істің жөнін білетін жан

Көп жыл бұрын қолға алған кәсібін дамытып,шаруасын шалқытып отырған жандар ауылымызда аз емес. Заман талабына сай нарықтық қатынастарға бейімделіп, ісін шағын көкөніс шаруашылығынан бастаған дарияндық кәсіпкер Досқайыр Галиев бүгінде ауылдастары арасында сыйлы жан ғана емес, көпке пайдасын тигізген кәсіпкер.

smart

Кәсіппен айналысамын деген жанға мемлекет тарапынан жасалған қолайлы жағдайды пайдасына асыр алған Галиевтер отбасы жуырда Дариян ауылының кіреберіс жолының бойынан барлық жаңа заман талаптарына сай келетін құрылыс дүкенін ашты. Тынбай еңбек еткен адамға өмір несібесін бұйыртады,- демекші, кәсіпкер Досқайыр Галиев те көзін тапса кез келген істің берекеті боларына сенеді. Сол себепті де қандай іс бастаса да оны соңына дейін жеткізіп, нәтиже болғанынша тынымсыз еңбек етеді. Жаңа ашқан құрылыс материалдары дүкені де тынбай жасаған еңбектің арқасында келгенін ол бір сәтке де ұмытпайды. Пандемия салдарынан кезіккен барлық қиындықты еңсерген Досқайыр Галиев бұл істі отбасылық кәсіпке айналдырмақ ниетте.

-Заман ағымына ілесіп,көштен қалмауды ұғынып жеке кәсібімді дамыту мақсатында ауылда жоқ кәсіпке бет бұруды ұйғардық. Әрине, бірден бастап кету оңай болмады. Оның үстіне бір жылдан бері әлемді шарлаған пандемия кесірінен аздап тұралап та қалдық. Әйтсе де әр істің қиыншылғымен қатар қуанышы да болады. Жоспарлаған уақыттан кеш болса да ісімізді бастадық,-дейді кәсіпкер Досқайыр Галиев.

Жаңа ісін негізінен өз қаражатына тұрғызған кәсіп иесі келушілеріне құрылыс және шаруашылыққа қажетті түрлі шпаклевка,плита желімдері, кабель,шифер мен күнделікті тұрмысқа қажетті құрал-саймандарды ұсынады. Дүкенге келген ауылдастары ұсынылған тауарлардың көңілден шығатынын айтып жатады екен.

-Қазір көп тұрғын үй салып, баспанасын жөндеп жатқандықтан тауарды халыққа қолжетімді бағамен өткізіп отырмыз. Қажет болған жағдайда тұрғындардың тапсырыстары бойынша керекті заттарын әкелуге тырысамыз,-дейді Д.Галиев.

Кәсібін дөңгелеткен Досқайыр ағамыз бүгінде бір ауылдасын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

-Кәсіп бастауды көздеген жан өзіңе сенімді болуы керек. Кішкене дүкен болса да өз берекесін береді. Кәсіп ашу оңай болғанымен оны дамытып, елге пайдаңды тигізердей ету үшін көп еңбектену қажет,-дейді Досқайыр мырзы.

Гүлжан АЯЗБАЕВА,

Бәйтерек ауданы