22.04.2021, 15:25
Қараулар: 31
Қоқыс мәселесі шешілер емес

Қоқыс мәселесі шешілер емес

Бірнеше апта бұрын Бәйтерек ауданы орталығындағы қоқыс жәшіктерінің уақытылы жиналмайтынын жазған болатынбыз. Кейін жағдай түзелгендей боп еді. Соңғы он-он бес күнде қоқыс жәшіктері толып, ауыл іші целлофан бәйшешектерге толды.

Бұл жағдай тұрғындарға жағып отырмағаны анық. Әлеуметтік желіге ауласы пакетке, көшесі қоқысқа толғанын айтып жатқандар саны да көп. Әсіресе, Калинин ауылы мен Мұнайшы шағын ауданында қоқыс көп. Басқа жерлер де оңып тұрғаны шамалы.

Мәселені айтып Переметный ауылының қоқысын жинауды мойнына алған «Орал таза сервис» ЖШС-не хабарластық. Бізбен тілдескен абоненттік бөлім басшысы Алтынай Бәйтенова соңғы аптада ауылға арнайы көлік келмей қалғанын растады.

Сөзінше, қоқыс шығаратын көліктер істен шығыпты. А. Бәйтенова апта ішінде барлық қоқыс жәшіктері тазартылатынын айтты. Қалай десек те жауапкершілігіне алған істі оңынан жасағаны дұрыс. Көлік сынды екен деп қоқысқа көміліп отырған кімге ұнасын?

Сәуір кеп, сенбіліктер айы басталды. Ауыл іші біраз тазаратыны рас. Бірақ уақтылы жиналмаған қоқыс жәшіктерінен ұшқан қалдықтар көп адамның маңдай терін текке төккендей қылады.

Тағы айта кететін жайт. Қоқыс жәшіктерін суретке түсіріп жүріп, Мұнайшы шағын ауданының шетінен мал нәжісінің үйіндісін байқадық. Осыған дейін қоқыс жәшіктеріне құрылыс қалдықтарын тастаған тұрғындардың бар екені де анықталды. Сол себепті малдан шыққан қоқыс пен қажет емес құрылыс материалдарын арнайы орындарға апарған жөн болады-ау?

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы