24.05.2021, 9:26
Қараулар: 28
Алаңға барғаныма өкінбеймін

Алаңға барғаныма өкінбеймін

ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ тарихында қалған қанды оқиғалардың бірі – 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі. 35 жыл бұрын суық қыста қатал режимге қасқайып қарсы тұрған жастарымыздың ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Ал, оқиғаны көзімен көрген, алаңда болған азаматтар мен азаматшалар біз үшін – батыр. Өйткені олар елдің сөзі мен азаматтарымыздың құқығы тапталмауын сұрады. Ауданымызға қарасты Озерный елді мекенінде Алматыда болған қырғынды көзімен көрген жан тұрады. Ол ауыл мектебінің қазақ тілімен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әлима Телеуова.

Қарапайым қалпынан таймайтын ұстазбен кездесіп, желтоқсан естеліктерімен бөлісуді сұрағанымызда ол бірден өзінің көтеріліс қатысушысы емес, жай ғана куәгері болғанын айтты. Алаңда болмаса да мен қатысушымен деп кеуде қағатын кей жандарға Әлима Өтешқызының қарапайымдылығын берсе екен деген ой оралды осы сәтте.

Сол жылы ҚазМУ-дың филология факультетінде оқып жүрген кейіпкеріміз оқиға орнына 17 желтоқсан күні барған.

-Темирьязев көшесіндегі жатақханада тұрдық. Көтерілістің бірінші күні ешқайда шықпадық. Ал екінші күні сабаққа бара жатқанымызда солдаттар қарсы алып, алаңға бармаймыз делінген арнайы параққа қол қойғызып алды,-дейді Әлима Өтешқызы.

Солдат ұсынған параққа қол қойғанымен топ қыз сабаққа емес, алаңға қарай бет алған. Барысымен Әлиманың көзі алаңды қоршай қойылған көліктерге түскен. Одан мұздай қаруланған солдаттар түсіп жатыпты. Содан олар қыздарды алаң шетіне қарай ысырып, өрт сөндіру машинасының суын қосып жіберіп, қуалай жөнелген. Бейбіт митингке бара жатырмыз деп ойлаған қыздарды солдаттар осылай қарсы алыпты.

Не істерге білмей үрейге бой берген жас қыздар жан жаққа қаша жөнелген. Осы сәтте алаңда болған жігіттер қыздарды қорғаштап қалыпты.

-Салқын су малшынып, қайда барарға білмей абдырап қалғанымызда жігіттер ортаға алып, қызғыштай қорғады. Сол үшін қазақ жастарына әлі күнге дейін риза боламын,-дейді кейіпкеріміз.

«Қазақ елін қазақстандық басқарсын» деген ұран тастаған жастардың айқайынан құлақ тұныпты. Ал «Менің Қазақстаным» әні жиналғандарға ерекше рух беріпті. Осы сәтте милиция офицерлері ортаға шығып, жастарды үкімет үйіне кіріп, өз талаптарын ел басшылығына жеткізсін деген үндеу тастапты. Жастар белсендісі болған Әлима ортаға шығып, баруға ниет білдірген. Бірақ оны жамбылдық Жазира Ошақбаева атты құрбысы жібермей қойған.

-Алдымен – бес, одан кейін тағы бір топ жасмилициямен ілесіп кеткенімен, кері оралмады. Үшінші лек студенттерін жинап жатқан шақта суырылып ортаға шыққанымда Жазира құрбым жібермеді. Барғанымда кейінгі тағдырым қалай болатынын білмеймін,-деді Әлима Телеуова.

Осылайша бір топтың 18 қызы желтоқсанның 17-сін алаңда өткізген. Өз тобының студенттері алаңда жүргенін естіген Айтбаев атты кураторы қыздардың соңынан келіп, барлығын тұрғылықты жеріне жеткізіпті. Жатақханаға оралған соң қыздардың арқалары құрысып, белдері ауырған. Сүйтсе, милиция қолындағы ірзеңке шоқпардан алған соққының кесірінен солай болыпты.

-Алаңда жүргенімізде су шашып қана қойған жоқ. Қолына түскенін сабап та жаттығой. Қызумен білінбеді ме әлде басқа себеп пе? Әйтеуір жатақханаға келген соң сүйектеріміз сырқырап, қақсап қоя берді. Жүріп-тұрудың өзі қиын болды. Дубинка аталатын шоқпардың ізі адам терісіне емес, етке түседі екен. Сол себепті барлығымыз ауырсыныппыз,-деді Әлима.

Кейіпкеріміздің айтуынша, көп адамның арқасы ауырыпты. Соның өзі де көп нәрсені аңғартатындай…

Алаңға баратын боп шешімге келген 18 қыз Әлима Өтешқызының сол маңайда тұратын құдасының үйіне барып, сөмкелерін тастапты. Оны бөгде біреулер көрсе керек, қыздармен бірге әлгі кісі де үш ай бойы тергеуде болған. Сол кезге дейін аудармашы қызметін атқарған кейіпкеріміздің құдасы жұмысынан айырылып қалған көрінеді.

-Бізді өте ұзақ уақыт тергеді. Бір сұрақты неше түрлі құбылтып қояды. Екі күннің бірінде – тергеу. Кешкісін жиналып алып, әрқайсымыз өзімізге қойылған сұрақтарды қағазға түсіріп, өзімізше жауап береміз. Бір адам шатасып кетсе, оған ұрысып аламыз. Жауапқа алған генерал үстіңнен үйіріліп келіп, «отвечай на вопрос», «повтори еще раз» деп айқайлап, үрейімізді ұшырады. Оның үстіне орысшаға шорқақтарымыз бар. Қазақша

жауап бергендердің сөзін қалай аударғанын құдай білсін,-деп сол кездергі оқиғаларды еске алады Әлима ханым.

Көтеріліс куәгері қыздар арасында жансыздар да болды деген ойда. Өйткені түнімен сұрақтарды жазып, жаттап, жауаптарын қанша жерден дайындап барса да, тергеушілер алдарын орап отырған. Ақыр соңында қыздар бір-бірімен ұрысатын болған.

-Арамызда үндемей шетте отыратын бір қыз болған еді. Барлығымыз содан күдіктендік. Ол бар жерде артық әңгіме айтпайтын болдық,-дейді ол.

Сонымен қатар ұлттар арасына іріткі салуды көздеген арандатушылар да болған деген күдік кейіпкерімізді мазалайды. Өйткені бейбіт шеру дегенге бағынбай, көліктерді төңкеріп, дүңгіршектерді тонап, милицияны күш көрсетуге итермелегендер де болған. Тіпті көшеде кетіп бара жатқан өзге ұлт өкілдерін сабамақшы болғандарды да көз шалыпты. Бірақ, ондайларды жастардың өздері жазалап отырған.

Қызының алаңға барғанын естіген Әлима Телеуованың туған жері Казталов ауданы Сарықұдық ауылындағы ата-анасы оның шешіміне түсіністікпен қараған. Әсіресе әкесі Өтеш ақсақал «ел дүрлігіп жатқанда қазақ қызы қалайша үйінде жатады» деп баласы үшін шырылдап жаны ашыған анасына басу айтыпты.

Әлима Телеуова көтерілістен соң Алматы көшелерінде үнсіздік орнағанын еске алады. Қоғамдық көлікте де, басқа орындарда да адамдар бір-бірімен сөйлеспейтін болған. Бұрынғыдай гу-гу әңгіме, ойын-күлкі бір мезетте жоғалып кетіпті. Ал танысы кезігіп қалған жағдайда сыбырласып сөйлесетін болған.

Осылайша сол жылғы курсын аяқтап, күзде оқуына барғанда оларды аудиторияға емес, Қостанай облысының Боровое аталатын ауылына қара жұмысқа жіберген. Ал оларды алаңға бастап барған Гүлнәр атты қызды Екібастұзға аударған. Содан Гүлнәр Алматыға оралмаған.

-Қостанайда қыс ерте түседі екен. Қыркүйектің 12-сі күні қар жауды. Сыз жерде картоп жинап біраз қиналдық. Оған дейін де, одан кейін де ҚазМУ-дың студенттерін қара күзде жұмысқа жіберген жағдай болған жоқ. Бізді осылайша жазалағаны болар.Екі күннің бірінде түсінік жұмыстары жүргізіледі. Екібастұзға кінәлілер кетті дейтін. Мүмкін ол жақтағыларға Қостанайда кінәсі барлар жүр деген шығар? О жағынан бейхабармын. Бірақ Екібастұзға кеткендердің көбі кері оралмады,-дейді кейіпкеріміз.

Әлима Өтешқызы өзінің алаңға барғанына еш өкінбейді. Жолдасы Ғалиахмет екеуі үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген. Қызын – қияға, ұлын ұяға қондырған. Тек жолдасының сырқаттанып қалғаны жанына батады.

Кейбірі Алматыдағы қырғынды «Желтоқсан оқиғасы» деп те атайды. Қалай болғанда да, ел рухын көтеріп, тәуелсіздік бастауы болған қыстағы жағдай әлі де лайықты бағасын алмағандай көрінеді. Азаматтық құқығы мен берік позициясын бейбіт түрде қорғағысы келген қазақ жастары қатал режимнің құрбанына айналғандай. Қайткен күнде де, сексен алтының қысында теңдік сұрап, алаңнан табылған жандардың ісі – үлгі. Болашақта ол батырлар да лайықты бағасын алар.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы