1.04.2021, 14:51
Қараулар: 31
Алина мен Марияның игі ісі

Алина мен Марияның игі ісі

 

Күнделікті өмірде «Қасыңызда қандай адамдар жүр, қандай жас жеткіншектер өсіп келеді?» деген сұрақ көпті мазалайтыны хақ. Күні кеше ғана Дариян ауылында болған оқиға еліміздің болашағы жарқын, жастары адал екеніне көзімізді жеткізді.
Әңгіменің әлқисасы былай. Жуырда ауылдағы орта мектептің оқушылары Алина Ступак пен Мария Горбунова көшеде келе жатып, әмиян тауып алады. Ішінде иесінің құжаты мен біраз ақша болыпты. Қос құрбы тапқан затты иеленіп алмай, бірден полиция бөлімшесіне барып, оқиғаның мән-жайын түсіндірген. Жас болса да, өздерінің қарапайым ісімен көпке үлгі көрсеткен қыздар бүгінде ауылдастарының алғысына бөленуде.
-Абылай хан мен И.Тайманов көшесінің қиылысындағы мешіттің алдындағы дүкенге бармақшы болып шыққанбыз. Көшені кесе бергенде көзіміз жерде жатқан қара түсті ер адамның әмиянына түсті. Оны көтеріп, ішін ашып қарасақ, иесінің жеке куәлігі мен құжаттары және ақшасы бар екен. Еш ойланбастан Приурал ішкі істер бөліміне апарып беру керек деген шешім қабылдадық. Біздің орнымызда басқа адам болса да солай жасар еді деп ойлаймыз. Өйткені ол әмиянның иесі бар. Ал қулық жасап, ішіндегі затты алу — ұрлық. Оның үстіне құжаттарынан айырылған адам уайымға салынып, қайта жасатуға да көп уақытын жұмсайды ғой. Сондықтан бірден тапқан затымызды қайтару керек деп шештік,-дейді қыздар.
Осылайша, қос құрбының шешімді ісінің арқасында әмиян иесіне қайтарылған. Жақында Приурал ішкі істер бөлімінің басшысы Арман Бәйтенов көпке үлгі іс жасаған Алина Ступак пен Мария Горбунованы, олардың ата-аналары Наталья, Алексей Ступак, Вячеслав және Ольга Горбуновамен жүздесіп, қыздарының әрекеті үшін алғыс хаттар табыстады.
-Алина мен Мария қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Өз сыныптастарының арасында беделді. Екеуі де көп жылдан бері М.Шолохов атындағы мұражай жанындағы үйірмеге қатысады. Балалар модельді кітапханасы мен «Шабыт» коворкинг орталығында өтетін шаралардың бел ортасында жүреді. Балаларын еңбекке баулып, өз ақыл-күштерімен жетістікке жетуге тәрбиелеп отырған ата-аналарына алғысым шексіз,-дейді қыздардың сынып жетекшісі Ғалия Тағберлиева.
Приурал полиция бөлімінің кәмелет жасқа толмағандар және жасөспірімдер ісі бойынша инспекторы Нұргүл Бисалиева да қос құрбының ісі көпке үлгі екенін айтады.
-«Тәрбиенің тал бесігі отбасынан басталады» дегендей, осындай отбасы ізгілігін берік ұстанып, балаларын жақсылық жасауға баулитын ата-аналарға ризашылығым зор. Осындай ізгіліктің негізін қалап отырған Алина мен Мариядай оқушылардың қатары көбейе берсін! Қарапайым істерімен достарына, өздерінен кейінгілерге үлкен үлгі көрсете алды,-деді Н.Бисалиева.

Гүлжан АЯЗБАЕВА,

Бәйтерек ауданы