10.03.2021, 9:13
Қараулар: 53
Арнаулы мекеме жұмысымен танысты

Арнаулы мекеме жұмысымен танысты

«Бәйтерек» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жанынан мекемедегі қызмет алушылардың құқықтарының сақталуына, оның ішінде қолма-қол бақылау шоттарындағы қаражаттың жұмсалуына тексеру жүргізу үшін қоғамдық кеңес құрылған болатын.

Құрамында аудандық ішкі саясат бөлімінің басгысы Нұржан Дүзбатыр, аудандық мәслихат депутаты Нұрлыбек Хайруллин, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалымжан Мендалиев, қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қадырбай Абдушев, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Жанар Губашева сынды азаматтар мен азаматшалар бар кеңес күні кеше әлеуметтік қызмет орталығына барды.

Алдымен кеңес мүшелерін мекеме директоры Альберт Талпахов орталық жұмысымен таныстырып, қызмет алушылар туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, мекеме тұрғындарының зейнетақы төлемдері мен жәрдемақыларының 70%-ы қолма-қол ақшаны бақылау шотына, 30%-ы «ҚазПошта» АҚ ашылған жеке есеп шоттарына жинақталып, ҚБШ-дағы жинақталған қаражат есебінен қызмет алушыларға жылдың әр маусымына арналған киім-кешек, дәрі-дәрмек, санитарлық-гигиеналық құрал-жабдықтар, төсек-орын жабдықтары алынады екен.

Кеңес мүшелері киім-кешек сақтайтын қоймалардың жағдайымен де танысты. Сондай-ақ асхана мен азық-түлік қоймасына да барды. Әр қызмет алушымен әңгімелесіп, қал-жағдайларын да сұрасты.

Болашақта қоғамдық бақылау кеңесі ел ішінде қарттар үйі аталып кеткен мекеменің жұмысын бақылап қана қоймай, қажетті көмек көрсету ісін де қолға алмақ.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы