23.06.2021, 10:59
Қараулар: 25
Ауылдас алғысына ие полицей

Ауылдас алғысына ие полицей

Ернұр Хасенұлы Елеукен Бөкей Ордасы ауданы Ұялы ауылының перзенті. Туған жерінде жетінші сыныпқа дейін оқыған кейіпкеріміз 2006 жылы Дариян ауылына қоныс аударады. Ол жерде тоғызыншы сыныпты бітірген соң Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы колледжге түседі. Оннан мәдени ұйымдастырушы мамандығын алған Ернұр бір жыл жұмыс жасап, кейін арнайы күзет қызметіне орналасады. Одан соң әскерге аттанып, оралысымен полиция қызметіне орналасады.

Осы күні Приурал аймақтық ішкі істер бөлімінде қызмет етеді. Өз ісіне қашанда қалтқысыз берілген жас жігіт Дариян ауылдық учаскелік инспекторы міндетін атқарып келеді. Осы жылдар ішінде ел сенімінен шығып үлгерген.

-Жұмысыма еркін еніп, орнығып қалғаным үшін полиция капитаны Әділет Хайрушев, полиция майоры Ринат Көшекпаевқа қарыздармын десем де болады. Олар маған әріптес ретінде ғана емес, жанашыр адам ретінде де қарады. Негізінде ер адамдардан құралған ұжымда әркіммен тіл табысып кету оңай,-дейді кейіпкеріміз.

Күні кешегі жас маман болып келген Ернұр мырза қазіргі таңда кәнігі қызметкерге айналды. Ол өзінің күш-қуатын сүйікті ісі мен отбасына жұмсайды. Бір күні бір күніне ұқсамайтын полиция қызметінің бар қиындығын абыроймен атқарып жүр. Әлемді шарлаған пандемия кезінде орын алған түрлі жайттар оның шеберлігін шыңдай түскен.

Тіпті ауылдың қоғамдық өміріне де етене араласып жүретін полицей адамгершілік қабілеті мен биік парасаты, шебер ұйымдастырушылық таланты мен іскерлігі арқасында көпшіліктің құрметіне де ие бола алды.

Өмірін жауапты қызметке арнаған ол Ата Заңымызға адал. Азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауда тынымсыз еңбек етіп келеді.

-Біз қызметте жетістікке жетсек алдыңғы толқын ағалардың білімі мен біліктілігі, іс-тәжірибелерін назарға алып отырамыз. Айтары мол аға буынның үйретері әлі көп. Осынау кәсіби мерекеде ішкі істер органдарының ардагерлеріне жоғары санатты тәртіп сақшыларын тәрбиелегені, кәсібіне адал қызмет ету дәстүрінің негізін салғаны үшін ерекше алғысымды білдіремін,-дейді полиция аға лейтенанты Ернұр Елеукен.

Осылайша кәсіби шыңдалу мен түйіткілді мәселелерді шешуді жүйелі жолға қойған Ернұр Хасенұлының жұмысы болашақта да жандана берсін демекпіз.

Гүлжан АЯЗБАЕВА,

Бәйтерек ауданы