21.04.2021, 15:04
Қараулар: 31
Ауыл мақтанышы

Ауыл мақтанышы

Ұлы жеңіс халықтың ержүректілігі мен төзімділігін паш ететін, тарихта өшпес орны бар күн. Бұл күндері қайсарлықпен шайқасып, ерліктің сан үлгісін көрсеткен, отан үшін жан пида еткен қаһармандарды еске аламыз. Біздің шағын ауылда да, келер ұрпақ үшін сан қилы қиыншылықты бастан кешкен, соғыстан кейін еңбек етіп, ауылының, ауыл халқының, ұрпағының болашағы үшін лайықты қызмет еткен Жүсіпов Мансұр Какауұлы атты ардагер өмір сүрді.

Мансұр ата 1921 жылы Жаңақала ауданы, Новоказанка ауылында дүниеге келген. 1941 жылы әскерге шақырылып, Мәскеу, Сталинград түбіндегі шайқастарда болған. Екінші рет жараланғаннан соң НКВД әскерінің контрбарлаушы дербес батальонына ауыстырылыпты. Ал 1946 жылы «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталып, елге оралған. Соғыстан соң «ХІІ партсъезд» атындағы калхозда жұмыс істеген. Жуырда Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Егіндібұлақ ауылдық кітапханасы ҰОС ардагері Бәйтерек ауданының «Құрметті азаматы» Егіндібұлақ ауылының тұрғыны болған Мансұр Какауұлы Жүсіповтің 100 жылдығына орай «Ауыл мақтанышы Мансұр ата» атты еске алу кешін өткізді.

Кітапханашылар бар өмірін Егіндібұлақ ауылында өткізген Мансұр атамыздың үйіне барып, ұлы Жәдігер Жүсіповпен сұхбат құрды. Әкесінің ерлігін ұмытпай, елеп келген шара ұйымдастырушыларына ризашыылғын білдірген Жәдігер Мансұрұлы әкесін еске алып, оның көзі тірісінде айтқан естеліктерімен бөлісті. Ауыл жастарына үлгі болған Мансұр атамыздың 100 жылдығына арналған шараға ауылдық кітапхана оқырмандары Гаухар Шарипова мен Дильназ Исмагулова да өз үлестрін қосып, өлеңдерін арнады Жастық шағын отан қорғауға, кейінгі өмірін еңбекке арнаған Мансұр атамыздың ерлігін ауылдастары мақтан тұтады және ешқашан ұмытпайды.

Данагүл АЛХАМОВА,

Бәйтерек ауданы,Егіндібұлақ ауылдық

кітапханасының кітапханашысы