30.03.2021, 16:15
Қараулар: 36
Бастама қолдау тапты

Бастама қолдау тапты

ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №932 қаулысына сәйкес «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтыру енгізіліп, мемлекеттік гранттар көшет, бұталарды, тұқымдарды және өсімдіктерді сатып алуға берілетін болды.

Бұл туралы өзінің фейсбуктегі парақшасында облыс әкімі Ғали Есқалиев мәлімдеді. Өңір басшысы жыл сайын миллиондаған қаржы бөлінетін бағдарламаның қызығын грант алушылардың 15-20 пайызы ғана көретінін атап өтті. Қайтарымсыз қаржы алғандардың көбі ақшасын құс өсіруге, тігін машиналарын, кондитерлік жабдықтар алуға, шаштараз ашуға және басқа мақсатқа пайдаланап жатқанын да тексеріс көрсеткен.

Биылдан бастап БҚО әкімдігінің бастамасымен бағдарлама аясында грант есебінен жеміс-жидек бұталары мен ағаш көшеттерін беру ұсынысы енгізілді.

Бұл бастама халық арасында жақсы қолдау тапты. Ғали Нәжімеденұлының сөзіне сенсек, қазіргі таңда мыңнан астам адам бақша отырғызуға тапсырыс беріпті.

Айта кететін тағы бір жайт жобаға «Бастау бизнес» сертификаты бар жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған және көпбалалы отбасылар қатыса алады. Ол үшін бағдарламаға қатысуға ниет білдірген жан жұмыспен қамту орталығына арыз жазады. Өзінің бизнес жоспары мен «Бастау» бизнес» сертификатын ұсынады. Ал аз қамтылған және көпбалалы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға «Бастау» бизнес» сертификатының болуы міндетті емес. Одан соң арнайы курстан өтіп, есеп шот ашқан соң егетін жеміс ағаштарын алуға болады.

Қазіргі таңда Бәйтерек ауданында да ауласын жеміс ағаштарымен көмкеріп, шағын бақша салсам дегендер табылды.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Алексей Герасимов «Менің аулам – менің бағым» жобасына қатысуға 12 тұрғын өз ұсынысын бергенін айтты. Оның сөзінше, қазір Павлово, Дариян, Достық, Трекино, Новенький, Мичурин, Щапов және Үлкен Шаған ауылдарының тұрғындары өз көшеттерін күтіп отыр екен.

-Облыс әкімінің бастамасына қолдау білдіріп, ұзақ мерзімді жобаға атсалыссам деген аудан тұрғындары бүгінде өздерінің бизнес жоспарларын

жасақтап, қорғауға дайын. Сәуір ортасына дейін жерлестеріміз өз көшеттерін алады,-деді А.Герасимов.

Жұмыспен қамту орталығының директоры аудандағы бақша салам дегендердің дені өз бизнес жоспарларын екі жақты етіп жасағанын айтады. Тұрғындар берілетін гранттың жарты ақшасына құс немесе ұсақ мал алса, қалғанын бақша егуге жұмсамақшы екен. Қазіргі таңда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы мен өңірге белгілі бағбан Қайрат Кәрімов бірлесіп, бақ егушілерге арналған бизнес жоспар құрып берген. Ол жоспар бойынша жұмыстанатын жерлестеріміз үш сотық жерге алты алма, төрт өрік немесе алқоры ағашы мен 68 таңқурай көшетін отырғызуы керек.

-Жоғарыда аталған бизнес жоспарға сәйкес берілетін гранттың жарты ақшасына баққа отырғызылар көшеттерден бөлек, түрлі тыңайтқыштар мен іс бастаған адамға қажетті құрал-саймандар беріледі. Сонымен қатар отырғызылған ағаштар мен көшеттер жерсінгенше оны кәсіби бағбан қадағалайтын болады,-деді жұмыспен қамту орталығының директоры Алексей Герасимов.

Сондай-ақ өңір басшысы балаларды бақша отырғызу жұмысына баулу үшін мектептер жанынан бақша салу туралы да ұсыныс тастаған болатын. Аудан мектептері бұл бастамаға қолдауын білдіріпті. Білім бөлімінің басшысы Серік Сафиуллиннің айтуынша, қазір барлық мектептер өз бақшасын ашу туралы ұсыныстарын жасаған. Бірер күнде білім ордасы жанынан бақ салатын мектептер тізімі жасақталмақшы.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы

Сурет aqmeshit-zhastary.kz сайтынан алынды