9.06.2021, 16:46
Қараулар: 10
Бұралқы ит басты аурытты

Бұралқы ит басты аурытты

2020 жылы Батыс Қазақстан облысында бұралқы ит-мысықтарды аулау мен оның көзін жоюдың жаңа ережесі күшіне енген болатын. Облыстық мәслихат қабылдаған ережеге сәйкес иттер залалсыздандырылып, вакцинациядан өткен жануарлар қайта еркіндікке жіберілуі керек болды. Алайда бүгінгі күні қаңғыбас иттердің көбеюі олардың ұсақ мал мен құсқа, тіпті адамға шабуы жиілеп кетті. Әзірге ешкімді қауып, жарақат салмаса да, құсты жеп, қойды жарып кеткен бірнеше оқиға тіркелді.

Ерте көктемде ауласындағы қойын өріске жібермей, аула ішінде бағып жүрген ауыл азаматы редакцияға хабарласып, бір қойын бұралқы иттер жарып кеткенін айтты.

-Күндіз қойларымды аула сыртына арқандап бағып жүрдім. Күнұзағына қарап, көзжазбайтын едім. Мамыр айының соңында кешкілік қораға қамамай, аула ішінде қалдырып едім. Таңертеңгісін шықсам, бір қойым жоқ болды. Іздестіре келе жарты етін қораның артынан тауып алдым. Ішек-қарынын жарып, жартылай жеп кетіпті,-дейді Сабырғали Алпысбаев.

Ия, бұл бір ғана оқиға емес, ауыл азаматтары бұралқы иттерден әбден мезі болғаны көрініп-ақ тұр. Түрлі форумдар мен ватсап чаттарда да көше кезген мақұлықтардың көзі жойылса екен деп жатқан жан көп. Атын атамауын өтінген переметныйлық кейуана 15 тауығын ит қырып кеткенін айтып шағымданды. Әбден дәніккен жануарлар топ-тобымен ауласына кіріп, тапатал түсте саят құратынды шығарыпты. Тіпті үйіне келген қонақтар иттердің кесірінен табалдырық аттай алмай кеткен кездер болғанын да айтты ол.

Бұдан бөлек редакцияға Қасым Аманжолов атындағы мектеп мұғалімі Қансұлу Дүйсембайқызы да хабарласты. Айтуынша, ол да бұралқы ит шабуылына тап болған екен.

-Ауылда иесіз иттерді көп көзім шалады. Олардың малға шапқандығы жайында да бірнеше оқиғалар естідім. Күні кеше өзім де ыңғайсыз жағдайға тап болдым. Жұмысқа барар жолымда алдымнан қара төбет шыға келіп, ұзақ уақыт өтерге жол бермей қойды. Қолымдағы сумкемді иіскелеп, абалап қоя берді. Иттерді атып өлтіруге әрине қарсымын, дегенмен мәселенің шешу жолдарын қарастыру керек сияқты. Өйткені иттер ауылдағы балалар ойын алаңдарының маңында да көп жүреді. Бір күні бүлдіршіндерге шабуыл жасаса, оқыс оқиға орын алуы мүмкін. Осындай жағдайларды болдырмас үшін алдын алу шараларын қарастыру керек деген ойдамын,-дейді ұстаз.

Сөзің шыны керек, ауыл кезген иттерді басқа жақтан ешкім әкеп тастап жатқан жоқ. Барлығы өзіміздің жануарлар. Бағам деп сүйкімді күшікті алған адам ол өсіп ит болғаннан соң қарайламай қояды. Қожайынынан жылылық көрмей, күнделікті тамақ ішпеген иттің өзгенің ауласын кезуден басқа амалы

қалмайды. Адамдардың жауапсыздығы да бұралқы иттердің көбеюіне әкеп соғуда.

Әрине, жұрттың бәрі қарамағына алған иттерді қаңғытып жіберіп жатыр деуден аулақпыз. Аудан орталығында ерекше тұқымды итті бағып, оған барлық жағдайды жасап жүрген азаматтар да бар. Солардың бірі Арман Мұқатаев.

-Бала күнімнен иттерді ерекше жақсы көрдім. Осы күні өзім қалаған күшікті алып өсіріп бағамын. Күндіз далаға шығарып, ойнатып алуға уақыт бөлемін. Бағып отырған итім жеті қазынаның біріне кіретін тазы болмаса да, өзіндік бағасы бар неміс овчаркасы мен аула итінің буданы. Арасында күшік сатып, аздап болса да пайда табамын. Әр азамат өз мақұлығын үлкен жауапкершілікпен баққаны дұрыс,-дейді Арман Мұқатаев.

Жануарды жанындай сүйетін Арман да ауыл кезген бұралқы иттердің көбейгеніне наразы. Жаңа тәртіп бойынша атуға не басқа тәсілмен өлтіру болмайтынын да біледі. Десе де бұл тәртіпке қатысты оның өзіндік пікірі де бар.

-Ауыл кезген иттердің көбі – аула иттер (дворняшка тұқымдас), егер оларды еркектерін ұрпақ таратудан айыратын болсақ, шәуілдек атты тұқымнан толық айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан бұрынғы тәсіл бойынша, атып тастаған тиімдірек сияқты,-дейді Арман Мұқатаев.

Биыл аудан бойынша бұралқы иттер мен мысықтарды аулау және биозарарсыздандыру жұмыстары атқарылды. Бұл жұмыстарға облыстық қазынадан 1 млн 400 мың қаражат бөлініп, алдағы уақытта 560 мың итті зарарсыздандыру көзделуде екен. Ақпаратты берген аудандық ветеринарлық станциясының мәліметінше, сәуір айында басталған ит аулау жұмысының нәтижесінде 37 иесіз ит қалалық ветеринарлық станциясына жеткізілген. Барлық процедурадан өткен мақұлық осы күні кері жіберіліпті.

Ветеринарлар Трекин, Мичурин, Дариян, Достық, Переметный, Көшім ауылдарында бұралқы иттер көп екенін айтады. Олардың көзін жою ауыл тұрғындарының наразылығы туындаған жағдайда жергілікті әкімшіліктің сұранысымен ғана жүзеге асады. Қазір төрт түлік малға кесірі тиіп, ауыл азаматтарына қауіп төндірген 360 бас ит ауланып, атылғанын мал дәрігерлері растап отыр. Десе де ол аздық ететіндей.

-Ауыл тұрғындарының арасында заңға қайшы әрекет деп бағаланып, резонанс туындамауы үшін қаңғыбас иттер халыққа қиындық тудырған кезде арнайы сұраныс бойынша атылады. Бұдан бөлек, облыстық мәслихаттың шешімімен азаматтарға тек бұралқы иттерді ғана емес, сонымен қатар қожайындары бар жануарларды тіркеу кезінде мемлекеттік ветеринарлық ұйымында немесе емханада иесінің төлемі есебінен сәйкестендіру микрочипін енгізіп, таңба салдырту міндеттеліп отыр. Осыған сәйкес округтарда түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Тұрғындардан өтініш түспегендіктен, чиптеу жұмыстары әлі де жүргізілмей отыр,-дейді аудандық ветеринарлық станциясының директоры Әсет Аубекеров.

Чиптеу – ауыл шаруашылық малдарын сәйкестендірудің жиырмасыншы ғасырдың соңында пайда болған заманауи тәсіл. Ол қазіргі

таңда бүкіл әлем бойынша сәйкестендірудің ең тиімді әдісі деп танылып отыр.

Әсет Серікқалиұлы ауданда үй жануарлары мен ит-мысыққа деген жауапкершіліктің төмендігі байқалатынын да айтты. Осыған байланысты иттердің құс балапандарын жеп, қой-ешкіні жарып кету жағдайлары көп орын алуда. Утилизация процесі рұқсат етілген кезде ветеринарлық станция қызметкерлері жұмысының тиімділігі басым болатын. Алайда қазір бұл мәселе қиындық тудырады. Осы ретте жағдаймен күресу мақсатында ең болмағанда иесі бар иттерді чиптеудің маңыздылығы артып отыр екен.

Чип арқылы иттің иесін анықтап, айыппұл салуға, қашып кеткен болса, қайтаруға да болады.

Қалай боғанда да бір шешімге келген жөн. Жаңа ит аулау жүйесі жаман емес. Болашақта бұл проблема жойылатынынан да күмән жоқ. Бірақ, ол өз жемісін бергенге дейін шыдауға бола ма? Сұрақ осында болып отыр.

Аружан Аманжол