4.02.2021, 11:45
Қараулар: 122
Дипломмен – ауылға. Қай ауылға?

Дипломмен – ауылға. Қай ауылға?

Осыдан 12 жыл бұрын бастау алған «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасының арқасында жүздеген маман ауылдан үй алып, тұрақтап қалды. Ауданымызда да бұл үрдіс жақсы жолға қойылған. Осы бағдарламаның іске асуына тікелей себепшілердің бірі аудандық экономика және қаржы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, былтыр аталған бағдарлама арқылы 143 маманға бюджеттік несие берілген.

Бөлім мамандарының мәлімдеуінше, биыл бағдарламаға 350 040 мың теңге қажет екен. Бұл дегеніміз ауылдық жерлерге жұмысқа тұрған және өмірін ауылмен байланыстырсам деген мамандардың бар екенін көрсетеді. Қазіргі таңда несие ақшасын күткен 76 маман кезекте тұрғанын да экономика бөлімінің мамандары растады. Бөлім қызметкерлері биыл 70 маманға 306 285 мың теңге көлемінде несие бөлінбек екенін де айтты. Десе де ауылдарда әлі де маман тапшылығы сезіледі. Оның себебі неде? Соны бір саралап көрсек.

Ең алғашқы себеп – ауылдардағы үйлердің сапасы. Ия, бағдарлама жақсы екенін уақыт көрсетті. Бірақ, шеткері ауылдардағы сатылатын үйлердің сапасы тамаша бағдарламаның қанатын кеңге жайғызар емес. Бұл мәселе аудан әкімінің халық алдындағы есептік кездесулерінде де сөз болды. Бірнеше тұрғын бағдарлама арқылы ақша берілгенімен, оған жөнді үй сатып алу қиын екенін айтты. Өйткені ауылдағы баспаналардың тозығы жеткен.

Материалды дайындау барысында инстаграм және фейсбук әлеуметтік желілері арқылы бағдарламаның жақсы және әттеген-ай тұстары туралы сауал тастап, ауылдағы мамандарды да тілге тарттық. Өз жауаптарын беріп, пікірлерін ашық білдіргендердің нобайы бірнеше жылдан бері еңбек етіп келе жатқандарын айтты. Үйлерін де алған. Көтерме ақыны да рәсімдепті. Бағдарламаның бар екенін біле тұра оны пайдалануға асықпай жүргендер де болды. Ондай азаматтар мен азаматшалардың бірі жай тәжірибе жинау үшін ауылға келгенін айтса, енді бірі қаладан жақсы жұмыс табылған бойда кететінін жасырмады. Қалуға не кедергі дегенімізде мамандар ұялы байланыс пен интернет сапасының нашарлығын алға тартты. Расымен де біраз ауылда интернет нашар жұмыс жасайды. Хат жіберіп, жаңалықтарды оқу үшін мектепке келіп, отыру керек. Ал өмірін телефонсыз, ондағы инста мен ВК және басқа да желісіз елестете алмайтын жастар үшін интернеті жоқ ауыл – ауыл емес.

Сонымен қатар көп маманды жол сапасы да қорқытатынын аңғардық. Аудан шетіндегі кей ауылдарға барар жолдың онша емес екенін ел біледі. Бүгінде тегіс асфальт Зеленый мен Железновқа жетті. Орал-Атырау және Шымкент-Самара тас жолының бойындағы ауылдарды санамағанда салдырлақпен жүрген біраз елді мекен бар бізде. Көктемгі шалшық пен күзгі жаңбыр кезінде жету, жеткен соң кету мұң болатын ауылдар жетерлік. Ондай

жерге жас қайдан барсын? Сол себепті де жоғарыда аталған үш жоғы бар ауылдарда маман тапшылығы сезіледі.

Оның үстіне шаруасы шайқалмағанымен, шатқалақтап тұрған ауыл жалындаған жасқа жөнді мәдени және рухани демалыс сыйлай алмасы да анық. Өйткені көп ауылда клуб та жоқ. Тіпті қала іргесіндегі Макаров ауылына барған маман бос уақытын өткізер орын таппай қалады. Келген маманның сұранысын қанағаттандырар жөнді демалыс ұйымдастыруға, сабағы мен жұмысына пайдасы тиер интернетке қолын жеткізуіне, қалаған уақытында аудан не облыс орталығына еш кедергісіз барып келуін қамтамасыз ете алмасақ, ауылға келмедің деп жастарға, тіпті жасы келген маманға да өкпелей алмайсың. Ия, күші бойында тасыған жас ауылға жаңа леп, жаңа идеямен келіп, жұмыс жасаған орнын жадыратып жіберуі тиіс. Өйткені ол жас деулеріңізге болатын шығар? Бірақ оған ойлағанын іске асыруға мүмкіндік жасалған ба? Бұл да үлкен сұрақ. Сондықтан да ауыл құлдырамас үшін ол жаққа жағдай туғызу керек. Ал жағдай бар жерге қашан да адам ұмтылады. Бұл дегеніміз мамандар тайлы тұяғымен ауылдан қашып жатыр деген сөз емес. Экономика және қаржы бөлімінің берген мәліметінде көп маман Дариян, Щапов, Достық, Көшім сияқты ауылдарға баруға еш қысылмайтыны туралы сөз болды. Ал шеткері ауылға барам деушілер саны аз. Себебін әл-күшіміз жеткенінше саралап өткендей болдық. Десе де көш жүре түзеледі. Аудан шетіндегі ауылдар да адамға толып, бір кездегі қадпына түсетін күн де туар.

Мақала жазғандағы мақсатымыз – мемлекеттік бағдарламадан ілік іздеу емес, ауылға не себепті маман бармайтынын анықтау болды. Қазақтың түп тамыры ауыл, қаймағы бұзылмаған қазақы орта ауыл деген әдемі сөздер бар. Бірақ, жағдайы болмаса, қазақы орта кімге керек?

Материалды дайындау барысында айта кететін тағы бір мәселенің шеті шықты. Ол мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған мамандардың алмақтың да салмағы болатынын естен шығарғаны. Бүгінде алған несиелерін уақтылы төлемей жүрген мамандар мемлекетке 18 091 мың теңге қарыз екен. Аудандық экономика және қаржы бөлімі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-мен біріге берешекті өндіріп алу негізінде тұрақты жұмыстар жүргізіп отыратын көрінеді. Олар талап арыздарын таратып, түсіндіру жұмыстарымен айналысады. Егер де маман бала күтімі демалысына байланысты несиені өтеу мүмкіндігі болмаса, ол төлемдерді тоқтата тұру және төлемдер кестесін заңнамаға сәйкес өзгертуге құқылы бар екенінін де мамандар айтты. Тағы да айта кетейік, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешеніне келген мамандар қатыса алады.