18.03.2021, 9:24
Қараулар: 55
Діни білімді имамдардан алған жөн

Діни білімді имамдардан алған жөн

Ауданға жоғары Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің исламтану кафедрасының оқытушысы, магистр, докторант Жайдар Рахымғазиев келді. «Шапағат шамшырағы» қоғамдық бірлестігінің шақыртуымен ауданымызға арнайы ат басын тіреген ол Переметный және Асан ауылдарындағы мешіт жамағатымен кездесіп, Құран кәрімдегі мораль мәселесі, Құран іліміне кіріспе және хадистану бойынша дәріс оқыды.

«Шапағат шамшырағы» қоғамдық бірлестігі мен аудандық ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған кездесуге біраз адам жиналды. Кездесу барысында Жайдар Тұрғанбекұлы теріс діни ағым жетегінде кеткен жастарымыздың жыл санап көбейгені туралды сөз қозғады. Сондай-ақ ата-бабамыз ұстанған Әбу Ханифа мәзхабы мен қазақ салт-дәстүріндегі исламның ықпалы жайында да айтты. Бұдан бөлек ол ислам, жалпы дін туралы көпшілікті толғандырған сұрақтарға да жауап берді.

Кездесуден соң Жайдар Рахымғазиевпен жеке кездесіп, шағын сұхбат құрған болатынбыз. Назарларыңызға сол сұхбатты ұсынамыз.

-Жайдар Тұрғанбекұлы, Бәйтерек ауданына қош келдіңізжергілікті жамағатпен кездесу өткізгеніңізді білеміз. Дәрісіңізге жиналған көпшілік ішінде неше түрлі адам болады. Тіпті деструктивті діни ағымдардың жетегінде жүрген азаматтар да сіздің дәрісіңізге қызығушылық танытатыны рас. Осы теріс дін жолын таңдаған азаматтарды не мәселе толғандырады? Оларға мазалайтын ортақ тақырып бар ма?

-Ең басты мәселе – діни білімнің аздығы. Сол себепті де такфирлік пайда болады. Бірақ Бәйтерек жамағатында ондай жоқ. Емін-еркін ашық диалог құрдық. Кездесуге келген переметныйлық азаматтар Ханифа мәзхабын қабылдауға жақын десе де болады. Оларды білімге шақырып, ата-баба ұстанған жолды нұсқайтындай фихта мен ақида ілімін толық түсіндіре алатын ұстаз бен жоғары білімді имам ғана керек. Кездесуге келген жамағат мешіт ашылса, имаммен байланыс орнатсақ, тұрақты сөйлесуге ашық имам болса деген мәселелерді де көтерді. Жалпы сіздің аудан жамағаты ашық, қоғамға пайдасын тигізсек дегендер де бар. Бір кездегідей шариат жолы ғана дұрыс, басқасы бұрыс деген пікірдегі азаматтар жоқ деуге толық негіз бар.

-Жайдар Тұрғанбекұлы, көп жылдан бері жамағатқа дәріс оқып, ислам туралы ой мен түсінікті көпшілік арасында қалыптастырып

келесіз. Қалай ойлайсыз, осы теріс діни ағымға көбіне қандай адамдар кіріп жатады?

-Бірінші себеп – діни сауаттың аздығы. Бүгін дін жолына түскен көп азаматтарымыз ғана емес, олардың ата-аналарының да дін туралы білімі аз екені рас. Сол себепті де білімсіздігінің кесірінен біраз жас теріс жолға түскеніне көбіміз куәмыз. Одан кейін психологиялық жағынан кей адам көнгіш келеді. Оның үстіне рухани жағынан аш азаматтарға өз іліміңді, өз ұстанымыңды өткізу оңайырақ. Сондай-ақ протестты көңіл-күйде жүргендер мен өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарға көмек көрсетіп, деструктивті діни ағым жетегіне алып кету жайы да жиі кездеседі. Бұл – көп кездесетін себептер. Сондай-ақ көпшіліктің іздену дағдысы аз. Білімі бар-ау дегеннің соңына еріп кеткендер де кездеседі. Тіпті мешітке аяқ баспаса да,сырттан дін үйреніп кеткендерді де кездестіруге болады. Сол себепті ислам жолын таңдаймын деген әр адам алдымен мешітке келіп, имамға жолыққаны абзал.

-Баба дәстүрінен бас тартқан азаматтарымыздың көбеюіне 70 жылдық атеизм мен тоқсаныншы жылдардағы мешіт имамдарының білім таяздығы себеп болды деуге бола ма?

-Мен олай демес едім. Өйткені ол шақтағы имамдар мешіттердің сақталып қалуы үшін көп іс жасады. Егер олар болмағанда еліміз рухани тұрғыда тіптен құлдырап кетер еді. Біз ол кездегі имамдардың алдында бас иеміз әрі үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Өйткені олар түйнектей болса да, иманымызды сақтап қалды. Түрлі ислами білімі бар мамандар келгенге дейін дәл сол имамдар көпшілікті исламға шақырып жүрді. Ол кездің имамдары аят, хадистерді жатқа білмесе де, ислам ілімдерінің қазақы салт-дәстүрмен тамаша байланыстырып, өз насихаттарын жүргізіп отырды.

-Ауданның екі ауылында болдыңыз. Бұл ісіңіз аяқсыз қалып қоймай ма? Жамағатпен байланысты болашақта да жасап тұратын ойыңыз бар ма?

-Жалпы аудан жамағатымен байланыс орнатуға болады. Мешіт имамымен кездесе алмасақ та, сол ауданға жауапты теолог маманмен байланыс орната алдық. Жамағат та қызығушылық танытып, тағы кездесу ұйымдастыру туралы сұрағанын да естідік. Жалпы өзім кез келген диалогқа дайынмен, егер де бәйтеректік жамағат тағы да кездесу өткізу туралы мәселе көтерсе, осы ауданға жауапты теолог жеке хабарласып, шақыртуға болады. Кездесу соңында ватсап мессенджерінен арнайы чат ашып, дәрістерімді жіберіп тұруын өтінгендер де болды. Басталған іс аяқсыз қалмауы керек.

-Сіздің практикаңызда теріс діни ағымнан бас тартып, ата дінге оралған азаматтар кездесті ме?

-Көбіне біздің кездесуіміз жалпы жамағатпен өтеді. Ол шараларға діннен мүлдем хабары жоқ адамдар көп келетін. Ішінде жасы да, кәрісі де болды. Адасқанды адал жолға салдым деп артық мақтанбаған жөн болар? Бірақ біраз азаматтың діни білімін жетілдіріп, теріс ағымға қарсы иммунитет қалыптастыруға көп ықпал жасадым. Өз басым көркем мінезден сабақ берген соң, деструктивті діни ағым жетегіндегі азаматтармен кикілжіңге түспедім. Өйткені біздің тәсіл – исламды көркем мінезбен хадис және біліммен жеткізу. Бұл жолды қиын десе де, әр адамның тілін тауып, жүрегінен орын алсаң – жақсы жұмыс жасайтын тәсіл. Әрдайым исламның жақсы жақтары мен шариаттың көркем тұстарын айтып отырамыз. Кезкелген адамның түсінбеген сұрағына жауапты сол адамның діни сауаты деңгейінде жауап беруге тырысамыз.

-Бір кездері теріс жол таңдап, аздап адасқан жігіттердің осыкүні балалары бар. Ол балалар үйінде басқаша тәрбиеленеді, мектепте басқа, қоғамдағы жағдай тіптен бөлек. Сол жас ұрпақты жоғалтып алмаймыз ба?

-Бала ортаға қарап өседіғой. Көп жастың күнінің көп бөлігі мектепте өтеді. Сол себепті ауырпашылық ұстаздарға түседі. Өйткені мұғалім баланың алдында ықпалға ие болуы керек. Дінтану сабағының ұстаздары да әрдайым білімін жетілдіріп отырғаны дұрыс.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы