2.08.2021, 9:43
Қараулар: 55
Елге зиян тигізбеу де патриотизм

Елге зиян тигізбеу де патриотизм

Осыдан 3 жыл бұрын көпшілік игілігіне берілген Бәйтерек ауданы орталығындағы демалыс саябақтары абаттандыру жұмыстарын қажет етіп отыр. Тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналған саябаққа сән берген түрлі фигуралар мен жануарлардың мүсіндері осы күні ескіріп, кейбіреуі бұзақылардың кесірінен бұзылған.

Қазіргі таңда Переметныйдағы «Ана мен бала», «Бейбітшілік және келсім», «Астана» саябақтары көпшіліктің сейіл құрып, кешкі уақытты балаларымен бірге өткізетін орны. Алайда олардың бүгінгі күйі тұрғындарды қынжылтып отыр.

Демалыс орындарына жауапты мекеме – аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Данияр Кушубаев та саябақтардың қазіргі күйіне алаңдаушылық танытуда. Ол басқаратын бөлім теңгеріміндегі орындарда орналасқан елтаңба, демалыс орнының кіре берісіндегі әріптер сындырылып, монументтерге зақым келген. Данияр Кушубаев алдағы күндері барлық саябақтарды жөндеу жұмыстары қолға алынатынын айтады.

-Демалыс нысандары коммуналдық шаруашылық бөлімінің жіті бақылауында. Қоғамдық орындарда өскен арам шөп шабылды. Дегенмен орындықтар сындырылып, шамдардың бұзылуы тұрғындардың наразылығын тудыруда. Бәзбіреулер мүсіндердің үстеріне мініп, фонтандарды бұзған. Сондай-ақ әдемі мүсіндер мен ерекше монументтер жөндеуді қажет етуде. Қазіргі таңда гүл құмыралары толығымен қалыпқа келтірілді. Алдағы уақытта орындықтар мен тас төсемелерді ауыстыру жоспарлануда. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң арнайы келісім шарт бойынша жасақталған техникалық паспорт дайындап, нысандарды Переметный ауылдық округі аппаратының теңгеріміне тапсырмақпыз,-деді аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Данияр Кушубаев.

Данияр Кушубаевтың айтуынша, ауыл саябақтарына екі бейнебақылау камерасы орнатылған. Алайда әдепсіздікке барған азаматтар жауапқа тартылмаған. Ауыл тазалығын қатаң бақылауда ұстайтын бөлім мамандары бұзақылық жасап, саябақ сәнін кетіргендерге айыппұл салуды да қолға алмақшы.

Саябақтар ашылған кезде ел қуанып еді. Көп балақай сол орындарда асыр сап ойнап, ата-ана да кешкі уақытын тиімді өткізетін. Бірақ неге басқаларымыз ел игілігі үшін жасалған орындарды күтіп ұстауға атсалыспаймыз? Саябақ ішін сырттан келген біреулер емес, өзіміздің ауылдастарымыз бұзып жатқаны анық қой. Сондықтан ортақ саябақтарымызды бірлесе күтейік. Қазір аталған нысандарды волонтерлар қозғалысы мен «Жасыл Ел» еңбек жасағының жастары тазалауда. Сонымен қатар жергілікті әкімшілік гүлзарлар жасақтап, ағаштар отырғызды. Ортақ игілікті аялай білу де өлкенің дамуына қосқан үлесіміз екенін естен шығармайық.

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы