26.02.2021, 16:28
Қараулар: 70
«Еліме ризамын»

«Еліме ризамын»

Фейсбук әлеуметтік желісіне Нұрберген Мақұл атты бауырымыз жетім өскен Бауыржан Шабдаров атты жастың өмірі туралы пост салған болатын. Көп талқыға түскен жазба кейіпкері бір кездері Переметный ауылындағы кәсіптік колледжде білім алғаны туралы және осы күні өз туғандарын іздейтіндігі жайында жазды. Сондай-ақ үкімет тарапынан алған үйінің коммуналдық төлемдері де артып кеткені де сөз болды.

Пікір білдіргендердің ішінде Бауыржанға жаны ашып, қаржылай қолдау білдіруге дайын азаматтар да табылды. Пост авторы Нұрберген Мақұл да кейіпкеріне көмектесуге дайын екенін жеткізген-ді.

Артынша Нұрберген бауырымыз тағы бір пост жариялап, Бауыржан Шабдаров туысқандарымен кездескенін айтып, сүйінші хабар таратты. Жазба ішінде Бауыржан туғандарын кешіргені жайында да сөз болды.

Бір кездері өзіміз де сырттай көріп жүрген жүзі таныс жан жайында әңгіме болған соң Нұрбергенге хабарласып, Бауыржан туралы сұрастырдық.

-Бауыржанның анасы мен бауырларын тапқанына қуаныштымын. Анасымен де тілдесіп, не себепті бұл баланың жетім қалғанын сұрап білдім. Елдегі қиын жағдай кезінде анасы Бауыржанды жетімдер үйіне тапсыруға мәжбүр болған. Кейін жолдасы өмірден өтіпті. Ал тапсырған баланы алуға келген кезде бәрі кеш болған. Солай жүргенде бауыр еті баласынан көз жазып қалыпты,-деді Нұрберген Мақұл.

Жазбасын шын ниетпен Бауыржнға жаны ашығандықтан жазғанын жеткізген Нұрбергеннің айтуынша, анасы балаларына осы кезге дейін інілері барын айтумен болыпты. Ағалары да қолдарынан келгенше іздеп баққан екен.

Осындай сүйінші хабарды естіген соң жетім балаға қамқоршы болған переметныйлық Асхат Шалабаевқа бардық. Бауыржан колледжде оқып жүргенде дәл осы азамат көп көмек көрсеткенін ауылдағы ағайын жақсы біледі.

-Бауыржан аңқылдаған, аузын ашса, жүрегі көрінетін жігіт. Ешқандай арамдығы жоқ жан. Ауылда оқып жүрген кезде үйіме келіп, жұмыс сұрады. Алғашында шұқыма жұмыстарды тапсырып жүрдім. Кейін отбасыммен танысып, әкеммен жақын араласа бастады. Біздің үйдің бір баласындай болып кетті,-дейді Асхат ағамыз.

Бауыржанды Асхат ағамыздың анасы Зоя Құспанқызы да жақсы біледі екен. Баласына інідей болып кеткен жанның анасы мен бауырларын тапқанына ол да қуанышты.

-Ол бала — нағыз азамат. Тектілік қанында бардай көрінеді. Қашан келсе де Асхатыма ағалап жүреді. Келінім кірін жуып беретін. Ең бастысы анасы мен бауырларын енді жоғалтпасын,-дейді Зоя анамыз.

Бауыржанның өзіне де хабарласудың сәті түсті. Телефонмен өзімізді таныстырып, Переметныйдан екенімізді айтқанда бірден «Асхат ағам қалай» деген сауалын жолдады ол. Содан-ақ оның переметныйдық жігітке қалай бауыр басқаны байқалады.

-Менің екі ағам, анам бар екен. Қазір олармен қауышып, қуанып жүрмін. Аздаған өмірлік қиындықтарым туындағанын да айттым. Ағаларым көмектесуге әзір. Асхат ағама, Нұрберген ағама, барша қазақ еліне ризамын,-деді ол.

Әңгіме барысында Бауыржанның қатты толқып тұрғаны және неше түрлі сезім жетегінде жүргені байқалды.

Енді бала мен ананың арасы ажырамасын! Осынша уақыт анасынан жырақта болған жанның бар қиындығы артта қалды деген ойдамыз.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы