25.03.2021, 9:50
Қараулар: 36
Ел тірегі – Елбасы Бәйтеректе

Ел тірегі – Елбасы Бәйтеректе

Биыл еліміз тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлайды. Осы бір айтулы датаға орай «Халық» қайырымдылық қоры «Ел тірегі – Елбасы» акциясын бастады.

Әз-Наурыз мерекесі қарсаңында қолға алынған ірі науқан мақсаты — covid-19 пандемиясы мен карантин салдарынан қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету. Бүгінде азаматтық белсенділік танытқан қор еліміздің түкпір-түкпіріндегі аз қамтылған, көпбалалы және ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін азық-түлік жиынтығын дайындады. Жалпы қор 15000-нан астам азық-түлік себеті дайындалыпты. Әр себеттің салмағы 50 келіден асады. Ішінде ең керекті деген азық-түлік салынған.

Қазіргі таңда азық-түлік себеттері өңірлік әкімдіктер ұсынған тізімдерге сәйкес еліміздің барлық өңірлеріндегі отбасыларға таратылуда.

«Халық» қорының себеті Бәйтерек ауданына да жетті. Ауданның 82 отбасына беріледі деген себеттерді округ әкімдіктері мен жергілікті волонтерлары әр отбасыға жеткізді.

Қиын шақта ел қамқорлығын сезінген отбасылар волонтерлар мен қор белсенділеріне ризашылықтарын білдіруде.

«Халық» қайырымдылық қоры аталған акцияны бірнеше рет өткізуді жоспарлаған. Осыған орай, бизнес өкілдерін күш біріктіруге және «Ел тірегі — Елбасы» акциясына қосылуға шақырады.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы